Әлеумет

KAZ Minerals-та тағы да төтенше жағдай: жұмысшылар эвакуацияланды

KAZ Minerals компаниясының екі нысанында екі күн қатарынан өрт шықты. Алдымен Абай облысындағы Орлов шахтасынан жұмысшылар эвакуацияланса, келесі күні Ақтоғай кен орнындағы байыту фабрикасында өрт болды.

Фото: из открытых источников

Жезкент кентіндегі Орлов шахтасында болған оқиға туралы алғашында жергілікті пабликтер жазды. Олардың мәліметінше, түнде шахтадағы техника өртеніп, электр желісінде қысқа тұйықталу болған. Соның салдарынан жұмыс тоқтатылып, адамдар жер бетіне шығарылған.

KAZ Minerals шахтада түтін болғанын 10 тамызда растады. Компания мәліметінше, оқиға 8 тамыз күні шамамен сағат 22:00-де шахтаның оныншы деңгейінде болған. Түнгі ауысым жұмысшылары эвакуацияланған.

Шахтаға түскен тау-кен құтқарушылары Monomatic бұрғылау қондырғысының маңынан өрт ошағын анықтаған.

«Түтін жедел түрде жойылды. Зардап шеккендер жоқ. Бұрғылау қондырғысы зақымданды. Алдын ала мәлімет бойынша, түтіннің шығуына электр кабелінің зақымдануы себеп болуы мүмкін», – деп хабарлады KAZ Minerals.

Оқиғаның нақты себебі әлі анықталып жатыр.

Ақтоғайдағы өрт

9 тамызда KAZ Minerals-тың тағы бір нысанында өрт шықты. Түске қарай Абай облысындағы Ақтоғай кен орнының №1 байыту фабрикасындағы білікті ұсатқыш учаскесінен өрт шыққан.

Оқиға кезінде онда мердігер ұйымның қызметкерлері жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан. Алғашқы өрт ошағы елеуіш маңында болған.

Учаскеден 20 адам эвакуацияланды. Зардап шеккендер жоқ. Сондай-ақ түтінге байланысты медициналық көмекке жүгінгендер болмаған. Ашық жалын сөндірілді.

KAZ Minerals оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрды. Өрттен келген шығын көлемі және оның кәсіпорын жұмысына әсері әзірге белгісіз.

Компанияның екінші байыту фабрикасы мен тотыққан кенді өңдеу кешені жұмысын жалғастырып жатыр.

Апаттар жиілеген

Еске салайық, шілде айының басында Орлов шахтасында жұмысшылар мінген көтергіш клеть тоқтап қалып, алты адам зардап шеккен еді.

Сәуір айының соңында осы шахтада бұдан да ауыр оқиға болды. Тау жыныстары опырылып, бір жұмысшы қаза тапты, тағы бір адам жарақат алды.

Соңғы айларда KAZ Minerals-тың басқа кәсіпорындарында да қайғылы жағдайлар тіркелді. Мамыр айының соңында Артемьев шахтасында тау жыныстары опырылып, кенші қаза тапты. Оған дейін осы кәсіпорында жөндеу жұмыстары кезінде механик биіктен құлаған.

Наурызда компания нысандарының бірінде екі жұмысшы зиянды газдан уланып, олардың бірі көз жұмды.

KAZ Minerals 2014 жылы Kazakhmys компаниясы бөлінгеннен кейін құрылған. 2023 жылдың қорытындысы бойынша компания Қазақстандағы ең ірі жекеменшік компания атанды.

Компания құрамына Бозшакөл және Ақтоғай кеніштері, Шығыс Қазақстандағы үш жерасты кеніші, Қырғызстандағы Бозымшақ алтын-мыс кеніші және Ресейдегі Баим кен орны кіреді.

Компанияның кірісі 1,63 трлн теңгені, ал таза пайдасы 341,8 млрд теңгені құрайды. Оның ірі акционері – қазақстандық кәсіпкер Владимир Ким.

Сайт Әкімшілігі