«Қазақ энциклопедиясы» мемлекетке қайтарылды: Мұхамедиұлымен байланысы бар компаниядан 1,3 млрд теңгелік актив алынды
Алматы прокуратурасы бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен байланысы бар компанияның иелігіндегі «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС-нің 100 пайыз үлесін мемлекет меншігіне қайтарғанын хабарлады.
Қадағалау органының мәліметінше, 2015 жылы «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС толықтай жекеменшік заңды тұлғаға заңсыз жекешелендірілген. Кейін компанияның негізгі активтері – Алматы қаласының Әуезов ауданындағы жалпы аумағы 2108,3 шаршы метр ғимарат пен оған тиесілі жер телімі де заңсыз иеліктен шығарылған.
Мемлекеттің мүліктік мүддесін қорғау мақсатында Алматы қаласы Әуезов ауданының прокуратурасы сотқа талап-арыз беріп, жекешелендіру туралы келісім мен одан кейін жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тануды сұраған.
Іс кассациялық сатыда қаралып, сот прокуратура талабын толық қанағаттандырды. Нәтижесінде құны 1,3 млрд теңгеге бағаланған актив мемлекетке қайтарылатын болды.
Еске салайық, 2022 жылдың мамырында Арыстанбек Мұхамедиұлының үйінде және Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі ғимаратында тінту жүргізілген болатын. Кейін бұрынғы министрге қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы тергеу басталғаны белгілі болды. Сол кезде оған Ұлттық музейдегі 146 млн теңге көлеміндегі қаржының жымқырылуына байланысты айып тағылған еді.
Мұхамедиұлы өзіне қарсы қозғалған істі белгілі актер Тұңғышбай Жаманқұловпен арадағы келіспеушіліктермен байланыстырған. Ал Жаманқұлов құқық қорғау органдарына арыз жазғанын растаған болатын.