8 декабря 2023 г. 1:00

Қазақша мәтін қазақшадан басқа тіл білмейтін адамға түсінікті болуы керек

Фото:

«Білімге жолығып, іс қылған ел – Америка, Еуропа жұрты» дейді ғой Әлихан Бөкейхан. Америка мен Еуропа қылған істің бәрі-бәрі бізге орыс тілі арқылы келіп тұрғанына бір ғасырдан астам уақыт өтті.

 Өзімнің байқауымша, совет үкіметі орнағаннан бергі алғашқы үш буын орыс тілін құрал ретінде пайдаланса, төртінші буын өзінің тілі ретінде сіңіре бастады. Бірінші буын аштыққа ұрынған, атылған, соғысты көрген ұрпақ деп алайық. Екінші буын солардың балалары болсын, алды соғысқа қатысып, я соғыс уағында ес біліп қалған, арты соғыстан кейінгі оншақты жылда туған балалар. Сталин заманының балалары. Одан соң елудің соңы мен алпысыншы-жетпісінші жылдары туғандар. Бұлар ес білгеннен орыс тілін біліп өспей, кейін үйренген соңғы ұрпақ (бірақ уақыт өткен сайын бұл ұрпақтың да санасында орыс тілі бірінші орынға шыға бастады). Одан кейін теледидар кеңінен тарады да, қазақ баласы шыр етіп дүниеге келгеннен бастап орыстың үніне құлағы үйрене бастайтын болды.

Алғашқы екі буын қазақ тілінің осы заманғы үлгісін дайындап беріп кетті. Екінші дүниежүзілік соғыс бітіп, КСРО мен АҚШ қару шығарудан жарысқан кезеңді орыстар холодная война, америкалықтар cold war деп атаса, қазақтар оны қырғиқабақ соғыс деп аударды. Орыс пен америкалықтар бір өркениеттің өкілі ғой. Тілдерінің құрылымы да бірдей, бір діннің тармағын ұстанады, бұрыннан қалада тұрады – жалпы алғанда бірін-бірі түсінуі оңай. Ал біз сол қырғиқабақ соғыс басталардан жарты-ақ жыл бұрын көшіп жүрген, тіліміздің құрылымы мүлде басқа, дініміз де бөлек халықпыз. Сондықтан суық соғыс дей салса, халық оны қабылдай алмас еді. Сол сөзді қазақшаға аударғалы отырған адамдардың ойына солай аудара салу келмеген де шығар, әуелі. Өйткені олар әлі де қазақша ойланатын адам еді ғой. Төтесінен аудара салмай, айтқысы келіп тұрған нәрсені толық түсініп, соны елге ұғынықты сөзбен жеткізген кезде қырғиқабақ соғыс деген термин пайда болған.

Тоқсаныншы, екі мыңыншы жылдары ғылым қараусыз қалды да, қарым-қабілеті жоғары адамдар басқа салаларға кетіп, бос орынға жұмсартып айтқанда, орташа қабілетті адамдар келді ғой. Осыдан келіп әлгі үшінші ұрпақтың мықтылары термин жасау, аударма жұмыстарына араласпай қалды. Сәтті шыққан сөздер мен құнарлы аудармалар сол екінші ұрпақтан қалды.

Қызықтың көкесі төртінші және бесінші (Бұлар Тәуелсіздік заманының бірінші ұрпағы) ұрпақ іске араласқан қазіргі уақытта болып жатыр. Орысша ойланатын, қазақша мәтін жазатын адамдар «сөзі қазақша болса болды, құрылымы орысша болғанда тұрған ештеңе жоқ» деп ойлайды. Бұған енді ағылшынша ойланатын, түрікше ойланатындар қосылды. Түрік пен өзбек тілін жақсы білетіндер сөздің айтылуын бұзудан алдарына жан салмайды.

Біздің үкіметімізде қазақша терең білетін, қазақтың жанын терең түсінетін адамдар өте аз. Негізінен үйінде орысша сөйлейтін, балалары Америка мен Еуропада оқитын адамдар отырған соң, тіл мәселесіне келгенде тұрмысымызды реттейтін істерге бас қатырғандай бас қатырмайды. Заң бойынша қазақ тілі мемлекеттік тіл, кез келген құжаттың қазақшасы болуы керек, кез келген жазу екі тілде болған жағдайда бірінші қазақшасы тұруы керек дейміз. Бірақ оның қазақшасы қай қазақша? Қазақ сөздерінен құралған былдыр батпақ па, әлде қазақшадан басқа тіл білмейтін адам оңай түсіне алатындай етіп жазылған мәтін бе, оны ешкім тексермейді. Ондай талап та жоқ.

Жыл сайын мемлекеттік тілді дамытуға бөлінетін ақша үлкен жоспарсыз, нақты мақсатсыз бөлініп жатқаны, кеңсе тілі мен ғылым тілі қашан қазақшаланады деген сұрақтың жауабы жоқтығы қынжылтады. Нақты осындай уақыттан кейін осылай болады, біз мынаны былай істегіміз келеді деген нақты бір стратегия бар ма? Орыс құрған мемлекеттен тәуелсіздік алдық, ал орыстың тілінен тәуелсіздік алу ойымызда бар ма, жоқ па? Осыны ойлай келе соңғы үш-төрт айда бес жылдық жоспар дайындап жатырмын. Мемлекет саясатын жүргізіп отырған адамдарға қызық болса, ұсынып көремін. Болмаса, газеттердің біріне жариялап жіберермін деген ойда жүрмін.

Арман Әлменбет, жазушы