Әлеумет

Қазақстан әлемдік интернет жылдамдығы рейтингінде позициясын жоғалтып жатыр

Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша әлемдік Speedtest by Ookla рейтингінде төмендеуді жалғастырып келеді.

Фото: Shutterstock

Бұл туралы Energyprom.kz сарапшылары мәлімдеді.

2026 жылдың мамыр айында елдегі мобильді интернеттің медианалық жылдамдығы 88,11 Мбит/с болды. Қаңтарда бұл көрсеткіш 100,2 Мбит/с еді. Осылайша Қазақстан бес ай ішінде алты сатыға төмендеп, 101 елдің ішінде 56-орынға түсті.

Әлемде керісінше мобильді интернеттің орташа жылдамдығы өсіп келеді. Мамыр айында жаһандық көрсеткіш 113,16 Мбит/с-қа жетіп, Қазақстан мен әлемдік орташа деңгей арасындағы айырмашылық 25 Мбит/с-тан асты.

Елдің ірі қалаларында да төмендеу байқалады. Алматыда мобильді интернет жылдамдығы жыл басынан бері 22%-ға азайып, қала әлемдік рейтингте 60-орыннан 84-орынға сырғыды. Астанада мамырда аздаған өсім тіркелгенімен, қаңтармен салыстырғанда жалпы көрсеткіш 17,4%-ға төмендеп, елорда 62-орыннан 79-орынға түсті.

Қазақстан әзірге Орталық Азияда көш бастап тұрғанымен, көрші елдер қарқынды ілгерілеп келеді. Мәселен, Өзбекстанда мобильді интернет жылдамдығы жыл басынан бері 16,3%-ға, ал Ташкентте 27,2%-ға артқан.

Сарапшылар қазіргі үрдіс сақталса, Қазақстан өңірдегі цифрлық көшбасшылық орнынан айырылып, қуып жетуші елдердің қатарына қосылуы мүмкін екенін ескертеді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Интернет