Әлеумет

Қазақстан арқылы 7 трлн теңгенің шығып кетуі бойынша банктің аты аталмайды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көршілес мемлекеттен Қазақстанның банкі арқылы шетелге 7 трлн теңге жылыстатылды деген сөзінен кейін жүргізілген тексеріс заң бұзушылықтардың болғанын растады. Алайда, банктің атауы жария етілмейді, деп хабарлады Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) төрайымы Мәдина Әбілқасымова.

Фото: tafsilar.info

«Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) тарапынан анықталған КЖ/ТҚ (қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл) тәуекелдеріне қатысты бірнеше екінші деңгейлі банкке инспекциялық тексеру жүргізілді. Кейбір банктер бойынша тексеріс аяқталды, ал қалғандары бойынша әлі де жалғасуда. Тексеріс нәтижелері белгілі бір заң бұзушылықтардың бар екенін растайды. Сонымен қатар, біздің реттеуші талаптарымызға сәйкес, инспекциялық тексеру нәтижелері, банктердің атаулары және заң бұзушылықтардың түрлері жарияланбайды», - деді Әбілқасымова сәрсенбі күні Мәжіліс кулуарында.

Ол «тексеру нәтижелері бойынша анықталған олқылықтарды жою үшін қадағалау жоспары құрылатынын» атап өтті.

«Егер бұл заң бұзушылықтар үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес жаза қарастырылған болса, онда әкімшілік айыппұлдар салынады. Сондай-ақ, анықталған бұзушылықтардың күрделілігіне қарай тиісті қадағалау шаралары қолданылады. Тексерілген субъектілерге қатысты мұндай жоспар әзірленіп, қолданысқа енді, заң бұзушылықтарды жою жұмыстары жүргізілді», - деп мәлімдеді ҚНРДА басшысы.

Оның айтуынша, тексеріс «трансшекаралық операцияларды жүзеге асыратын барлық ірі банктерге» қатысты жүргізілген.

«Инспекциялық тексерулер кезінде біз заң бұзушылықтарды әрдайым дерлік анықтаймыз, бірақ олардың дәрежесі мен саны әртүрлі болуы мүмкін. Бұдан артық ақпарат бере алмаймыз. Тексерістер тұрақты негізде жүргізіледі, жылына көптеген тексеру өтеді және бұл ақпарат құпия саналады», - деді Әбілқасымова.

Еске сала кетейік, 28 қаңтарда Қаржылық мониторинг агенттігінде (ҚМА) өткен кеңесте Тоқаев ведомство төрағасы Жанат Элимановтың баяндамасына сүйеніп, 2025 жылы қазақстандық банктердің бірі арқылы көрші елден 7 трлн теңгеден астам қаржы басқа елдерге шығарылғанын айтқан болатын. Президент бұл мәселе бойынша ҚМА-ға, ҚНРДА-ға және Ұлттық банкке нақты тапсырмалар берді. 

29 қаңтарда бірқатар банктер бұл схемаға қатысы жоқ екенін бірден мәлімдеді. 

Бұған дейін, 20 ақпанда сол кездегі Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов президент Тоқаевтың 7 трлн теңге туралы сөзінің шынайылығына күмән келтіріп, ешқандай заң бұзушылық жоқ екенін мәлімдеген еді. Бұл жағдай қоғамда «журналистер жалған ақпарат үшін жауапқа тартылса, шенеуніктер неге жазасыз қалады?» деген дискуссияны тудырды. Кейінірек Ақорда Тоқаевтың сөзінің рас екенін растап, санкциялар тақырыбын қозғады, ал көп ұзамай Шолпанқұлов Ұлттық банк төрағасының орынбасары қызметінен босатылды.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: 7 трлн теңге