Қоғам

Қазақстан әскері 21 мың жаңа сарбазбен толықты

Қазақстанның қорғаныс қабілетін нығайту мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі болып отыр. Әлемдегі геосаяси ахуалдың күрделенуі, өңірлік қауіпсіздікке төнетін жаңа сын-қатерлер кез келген елден қорғаныс жүйесін тұрақты жетілдіруді талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды тетіктердің бірі саналады.

Фото: ашық дереккөз

Биылғы көктемгі шақыру науқанының қорытындысы бойынша Қазақстанның Қарулы күштері, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдары 21 мыңнан аса жас азаматпен толықты. Бұл елдің қорғаныс әлеуетін күшейтіп, жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін нығайтуға ықпал етеді.

Шақырылғандардың басым бөлігі, 11 мыңнан астам азамат, Қарулы күштердің қатарында қызмет етеді. Сондай-ақ 7 мыңнан аса жас – Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланына, 2 мыңға жуығы – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, 400-ге тарта азамат – Төтенше жағдайлар министрлігіне, тағы 300 жас – Мемлекеттік күзет қызметіне жіберілді. Бұл көрсеткіш еліміздің қауіпсіздік жүйесінің барлық буынын жоспарлы түрде толықтыру жұмысы жүйелі жүріп жатқанын аңғартады.

Кейінгі жылдары жауапты органдар әскерге шақыру рәсімін цифрландыруға ерекше көңіл бөліпотыр. Азаматтарға шақыру туралы хабарламалар SMS және eGov порталындағы жеке кабинет арқылы жолданды. Ал әскери қызметті кейінге қалдыру немесе одан босату рәсімінің автоматтандырылуы адами факторды азайтып, қызмет көрсетудің ашықтығы мен тиімділігін арттырды.

Шақыру науқаны барысында азаматтарды жан-жақты ақпараттандыруға басымдық беріліп отыр. Қорғаныс министрлігі мен жергілікті әскери басқару органдары «қауырт желі» арқылы кеңес беріп, жеке қабылдаулар ұйымдастырды және түсіндіру кездесулерін өткізді. Соның арқасында шақырылушылар мен олардың ата-аналары әскери қызметке қатысты өздерін толғандырған сауалдарға толыққанды жауап алу мүмкіндігіне ие болды.

Қазір мерзімді әскери қызмет Отан алдындағы борышты өтеу ғана емес, жастардың кәсіби және тұлғалық дамуына мүмкіндік беретін маңызды кезеңге айналып отыр. Әскер қатарында жас сарбаздар еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын меңгеріп, түрлі техникалық дағдыларды игереді. Сондай-ақ әскери қызмет кезінде банктер мен қаржы ұйымдары алдындағы несиелері бойынша демалыс алу мүмкіндігі қарастырылған.

Әскерден кейінгі әлеуметтік қолдау шаралары да жастарды ынталандырудың маңызды бөлігіне айналды. Жауынгерлік даярлықта жоғары нәтиже көрсеткен сарбаздар мемлекеттік білім гранты негізінде жоғары оқу орындарына түсе алады. Ал қалған әскери қызметшілер ұлттық бірыңғай тестілеусіз ақылы бөлімге қабылдану мүмкіндігіне ие болады. Мұндай жеңілдіктер әскери қызметтің қоғамдағы беделін арттырып, жастардың болашақ білім алуына қосымша мүмкіндік береді.

Қазақстанның қорғаныс саясаты тек қару-жарақты жаңартумен немесе әскери техниканы жетілдірумен шектелмейді. Оның басты мақсаты – кәсіби, тәртіпті әрі заманауи талаптарға сай даярланған жеке құрам қалыптастыру. Осы бағытта әскерге шақыру жүйесін жетілдіру, цифрлық технологияларды енгізу және әскери қызметтің әлеуметтік тартымдылығын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар өз нәтижесін беріп отыр.

Ел қауіпсіздігі мемлекеттіліктің берік негізі екені белгілі. Сондықтан жас ұрпақтың әскери борышын абыроймен атқаруы, ал мемлекет тарапынан олардың әлеуметтік қорғалуы мен кәсіби дамуына жағдай жасалуы Қазақстанның қорғаныс әлеуетін нығайтудағы маңызды қадамдардың бірі болып қала береді.

Еламан Өмірхан

Сайт Әкімшілігі