Әлеумет

Көшпенділер ойынында жалпыкомандалық есептен дау шықты

Қырғызстанда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аяқталды. Алайда жарыс қорытындысында қай мемлекеттің жалпы есепте жеңіске жеткені туралы Қазақстан тарапы мен ұйымдастырушылар жариялаған деректер бір-біріне сәйкес келмеді.

Фото: ЖИ/ Жас Алаш

Кейін ойын ұйымдастырушылары жалпыкомандалық медаль есебі ресми түрде жүргізілмейтінін мәлімдеді.

Қазақстанның Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, ұлттық құрама Көшпенділер ойындарында барлығы 74 медаль жеңіп алған. Оның 32-сі – алтын, 20-сы – күміс, 22-сі – қола. Қазақстан тарапы жариялаған есеп бойынша ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте бірінші орын алған. Екінші орында 30 алтын медальмен Қырғызстан, үшінші орында 7 алтынмен Ресей тұр.

Алайда Дүниежүзілік көшпенділер ойындары хатшылығы бұған дейін басқа көрсеткіш жариялаған. Ондағы мәлімет бойынша Қазақстан құрамасында 29 алтын және жалпы 64 медаль болған. Бұл есепте Қазақстан Қырғызстаннан кейінгі екінші орында тұрған.

Осылайша, екі тараптың есебінде Қазақстанның алтын медаль саны бойынша үш, ал жалпы медаль саны бойынша он жүлде айырмашылық бар.

Әзірге Қазақстан тарапы мен ойын ұйымдастырушыларының мәліметі не себепті сәйкес келмейтініне қатысты ресми түсіндірме берілген жоқ.

Ұйымдастырушылар: Жалпы медальдық рейтинг жасалмайды

Медаль санына қатысты қайшылықтан кейін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастырушылар жарыстың тұжырымдамасына сәйкес ресми медальдық және жалпыкомандалық есеп жүргізілмейтінін мәлімдеді. Сондай-ақ мемлекеттер жеңіп алған медаль саны бойынша ресми рейтинг жасалмайды.

Ұйымдастырушылар мұны Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының негізгі мақсаты елдерді өзара жарыстыру емес, дәстүрлі спорт түрлерін сақтау және дамыту, оларды әлемге таныту, халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайту екенін айтып түсіндірді.

«Ойындардың тұжырымдамасы мемлекеттердің өзара бәсекесіне емес, ынтымақтастық пен бірлікті арттыруға негізделген. Сондықтан ойындар қорытындысы бойынша мемлекеттер арасында жалпы медальдық рейтинг жасалмайды», – делінген ұйымдастырушылар мәлімдемесінде.

Осы шешімге сәйкес, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан немесе Қырғызстан ресми түрде «жалпыкомандалық есептің жеңімпазы» деп танылмайды. Ал Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі жариялаған 32 алтын, 20 күміс және 22 қола медаль – Қазақстан тарапының өз спортшыларының нәтижесі бойынша жүргізген есебі болып қалады.

Сайт Әкімшілігі