Қазақстан Қырғызстанға Астанадан тегін жер мен ғимарат береді
Сенат Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы елшіліктерге өзара көмек көрсету туралы келісімді мақұлдады.
Екі ел Астана мен Бішкектегі дипломатиялық өкілдіктерге арналған ғимараттар мен жер учаскелерін бір-біріне тегін пайдалануға беру туралы келісті. Пайдалану мерзімі – 49 жыл.
Құжатқа сәйкес, Қазақстан Қырғызстанға Астанадан 0,74 гектар жер телімін және ауданы 1267,8 шаршы метр болатын коттедж береді. Өз кезегінде Қырғызстан Қазақстанға Бішкектен 0,75 гектар жер учаскесін және ауданы 531,66 шаршы метр болатын коттедж ұсынады. Келісімде аталған мүлік түрлерін салықтар мен алымдардан босату қарастырылған.
Ал құрылыс, жөндеу, күтіп-ұстау және коммуналдық қызметтерге байланысты шығындарды әр тарап өз бетінше өтейді. Бұған дейін бұл келісімді Мәжіліс те ратификациялаған болатын.