Қоғам

Қазақстан Қырғызстанға жанармай беру мәселесін қарастырып жатыр

Қазақстанның Энергетика министрлігі Қырғызстанның Қазақстаннан жанар-жағармай жеткізуді сұрап, ресми өтініш жолдағанын растады.

Фото: ашық дереккөз

Астанада өткен Үкімет брифингінде Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев көрші елден тиісті өтініш түскенін мәлімдеді. Алайда ол Қырғызстан сұрап отырған жанар-жағармай көлемін нақтыламады.

Вице-министрдің айтуынша, Ресей тарапынан мұндай ресми өтініш түспеген. Сонымен қатар ол Ресейдің Омбы мұнай өңдеу зауытына жасалған шабуылдан кейін Қазақстанда жанар-жағармай тапшылығы туындауы мүмкін деген ақпаратқа да пікір білдірді. Тұтқышбаевтың сөзінше, Омбыдағы жағдай Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарының жұмысына әсер етпейді.

Қазіргі уақытта елде ішкі нарықты қамтамасыз етуге жеткілікті жанар-жағармай қоры қалыптастырылған. Сондай-ақ министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, ел аумағына кіріп-шығатын көліктердің тәулігіне бір реттен артық жанар-жағармай тасымалдауына шектеу енгізген. Бұл шара ішкі нарықтағы отын теңгерімін сақтауға бағытталған.

Вице-министрдің айтуынша, отандық мұнай өңдеу зауыттары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, сондықтан Қазақстанда жанар-жағармай тапшылығы болады деуге негіз жоқ. Ол азаматтарды тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды.

Сайт Әкімшілігі