Қоғам

Қазақстандықтардың жеке деректерін заңсыз сатумен айналысқан халықаралық топ ұсталды

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, прокуратура органдарымен және Чехия полициясымен бірлесіп жүргізген арнайы операция барысында азаматтардың жеке деректерін заңсыз таратумен айналысқан халықаралық қылмыстық арнаның жолын кесті.

Фото: Полиция

Polisia.kz мәліметінше, құқық қорғау органдарының үйлестірілген әрекеттері нәтижесінде халықаралық деңгейде жұмыс істеген қылмыстық топ әшкереленген. Тергеу аясында Чехияның Усти-над-Лабем қаласында, сондай-ақ Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында тінту жүргізілді.

ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, тінту барысында заңсыз қызметке қатысты дәлелдер сақталған көптеген цифрлық ақпарат тасымалдағыштар мен ірі көлемдегі қолма-қол ақша тәркіленген.

Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер Қазақстан мен ТМД елдері азаматтарының жеке мәліметтері орналастырылған жабық интернет-ресурс құрған. Қылмыстық топта нақты міндеттер бөлінген иерархиялық құрылым болған. Оның мүшелері заңсыз ақпарат іздеуге қатысты тапсырыстарды қабылдап, өңдеп отырған. Заңсыз табысты жасыру және қолма-қол ақшаға айналдыру үшін арнайы дроп-аккаунттар пайдаланылған. Сонымен қатар әртүрлі қызмет түрлеріне, соның ішінде бір реттік сұраныстар мен ресурсқа тұрақты қолжетімділік үшін арнайы тарифтер белгіленген. Қазіргі уақытта қылмыстық схеманы ұйымдастырды деген күдікке ілінген адамдар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Ішкі істер министрлігі азаматтардың жеке деректерін заңсыз тарату арналары мен көздерін анықтау, оларды жою және киберқылмысқа қарсы күресті күшейту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.

Сайт Әкімшілігі