Қазақстан мен Еуропалық Одақ стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңін бастады
Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастық соңғы жылдары жаңа мазмұнға ие болып, стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді. Брюссельде өткен жоғары деңгейдегі келіссөздер мен қол жеткізілген уағдаластықтар екіжақты қатынастардың келешегіне тың серпін беріп отыр.
Саясаттанушы Сүйінбай Сүйіндіков қазіргі таңда Қазақстан мен ЕО арасындағы байланыстардың тек экономикалық әріптестік шеңберінен шығып, көлік-логистика, энергетика, сирек металдар, білім беру және қауіпсіздік салаларын қамтитын кешенді стратегиялық форматқа өткенін атап өтті. Оның айтуынша, жаһандық геосаяси өзгерістер Қазақстанның Еуропа үшін маңызын арттырып, елдің халықаралық рөлін күшейте түсті.
Сарапшы сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған көпвекторлы сыртқы саясат Қазақстанның дербес әрі сенімді халықаралық серіктес ретіндегі мәртебесін нығайтып отырғанын айтты. Оның пікірінше, Брюссель сапары Қазақстан–ЕО стратегиялық серіктестігінің жаңа кезеңіне жол ашып, еліміздің Еуропа мен Азия арасындағы маңызды экономикалық және транзиттік хаб ретіндегі позициясын күшейтуге ықпал етеді.
- Қазақстан–ЕО қатынастары ынтымақтастық тарихындағы ең жоғары деңгейге жетті деген баға қаншалықты әділ?
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынастардың ынтымақтастық тарихындағы ең жоғары деңгейге жеткені туралы бағасы айтарлықтай негізді деп айтуға болады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері ЕО еліміздің маңызды экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі болып келеді. Алайда қазіргі кезеңнің ерекшелігі екіжақты қатынастардың тек сауда-экономикалық байланыстармен шектелмей, стратегиялық сипатқа ие болуында жатыр.
Бұрынғы кезеңдерде Қазақстан–ЕО қатынастары негізінен энергетика, мұнай-газ экспорты және инвестициялар мәселелері төңірегінде өрбісе, қазіргі уақытта ынтымақтастықтың күн тәртібі едәуір кеңейді. Бүгінде тараптар көлік-логистика, цифрлық трансформация, жасыл энергетика, сирек кездесетін металдарды игеру, ғылыми зерттеулер, білім беру және қауіпсіздік мәселелері бойынша өзара іс-қимылды дамытып келеді.
Сонымен қатар, қазіргі халықаралық ахуал да Қазақстанның ЕО үшін маңызын арттырды. Ресей мен Батыс арасындағы геосаяси текетірестің күшеюі, Украина-Ресей соғысы, жеткізу тізбектерінің бұзылуы және Қытайға тәуелділікті азайту саясаты Қазақстанды жаңа стратегиялық серіктес ретінде қарастыруға мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан бүгінгі кезеңді Қазақстан–ЕО қатынастарының сапалық жаңа деңгейге көтерілу кезеңі деп бағалауға болады.
- Қазақстан ЕО үшін қаншалықты маңызды көлік-логистикалық серіктеске айналып отыр?
- Қазақстанның географиялық орналасуы оны Еуропа мен Азия арасындағы табиғи транзиттік көпірге айналдырады. Соңғы жылдары әлемдік логистикадағы өзгерістер бұл артықшылықтың стратегиялық мәнін бұрынғыдан да күшейтті.
Әсіресе, Ресей аумағы арқылы өтетін дәстүрлі бағыттардың тәуекелдерінің артуы Еуропалық Одақты балама маршруттарды іздеуге итермеледі. Осы тұрғыдан алғанда, Транскаспий халықаралық көлік бағыты (Орта дәліз) ЕО үшін ерекше маңызды жобаға айналып отыр.
Қазақстан Орта дәліздің негізгі буыны ретінде Қытайдан келетін жүктердің Қазақстан аумағы арқылы Каспий теңізіне, одан әрі Кавказ және Түркия арқылы Еуропаға жеткізілуін қамтамасыз етеді. Бұл бағыт тек экономикалық жоба ғана емес, сонымен бірге ЕО-ның стратегиялық автономиясын күшейтетін құралдардың бірі ретінде қарастырылады.
Қазақстан үшін бұл бірнеше артықшылық береді:
транзиттік кірістердің ұлғаюы; көлік инфрақұрылымын жаңғырту; порттардың, темір жолдардың және логистикалық хабтардың дамуы; халықаралық көлік жүйесіндегі рөлінің күшеюі. Осылайша, Қазақстан Еуропалық Одақ үшін жай ғана транзиттік мемлекет емес, Еуропа мен Азия арасындағы жаңа сауда архитектурасының маңызды қатысушысына айналып келеді.
- Қазақстан ЕО-ның ресурстық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық серіктеске айналып келе ме?
- Бұл тұжырымды негізінен орынды деп санауға болады. Қазіргі таңда Еуропалық Одақ шикізат жеткізу көздерін әртараптандыруға ерекше көңіл бөлуде. ЕО-ның «Critical Raw Materials Act» бастамасы осы саясаттың айқын көрінісі.
Қазақстан әлемдегі маңызды минералдық ресурстарға бай мемлекеттердің қатарына жатады. Ел аумағында: уран, хром, мыс, марганец, титан, литий, кобальт, бериллий, тантал, галлий және лантаноидтар тобы секілді сирек жер металдары сияқты стратегиялық ресурстардың елеулі қоры бар.
Қазақстан бүгінде әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет және Еуропаның атом энергетикасы үшін маңызды жеткізушілердің бірі саналады.
Алайда Қазақстанның рөлі тек шикізат экспорттаушы ретінде қалып қоймауы тиіс. Егер еліміз пайдалы қазбаларды өңдеу, аккумулятор компоненттерін өндіру және жоғары технологиялық өндірістерді дамыту бағытында жұмыс жүргізсе, онда ол ЕО үшін ұзақ мерзімді өнеркәсіптік серіктес мәртебесіне ие бола алады.
- Шикізат экспортынан терең өнеркәсіптік кооперацияға көшу Қазақстанға қандай мүмкіндіктер ашады?
- Бұл мәселе Қазақстан экономикасының болашақ даму моделін айқындайтын маңызды факторлардың бірі. Қазіргі уақытта Қазақстан негізінен шикізат жеткізуші рөлін атқарып келеді. Мұндай модель әлемдік баға конъюнктурасына тәуелділікті күшейтеді және экономиканың тұрақты дамуына кедергі келтіреді. Еуропалық компаниялармен терең өнеркәсіптік кооперацияға көшу бірнеше стратегиялық мүмкіндік береді.
Біріншіден, технологиялық трансферт жүзеге асады. Қазақстан озық еуропалық технологияларды меңгеру арқылы өнеркәсіптің өнімділігін арттыра алады.
Екіншіден, жоғары қосылған құны бар өнімдерді өндіру мүмкіндігі пайда болады. Мысалы, литий кенін экспорттаудың орнына аккумулятор өндірісіне қатысу әлдеқайда тиімді.
Үшіншіден, жаңа жұмыс орындары ашылады және инженерлік кадрларды даярлау жүйесі дамиды.
Төртіншіден, Қазақстан жаһандық өндірістік тізбектерге интеграцияланып, өнеркәсіптік держава ретінде қалыптасуға мүмкіндік алады.
Осылайша, өнеркәсіптік кооперация Қазақстанның шикізаттық экономикадан индустриялық-инновациялық экономикаға көшуіне ықпал етеді.
- Визалық режимді жеңілдету қандай маңызға ие болуы мүмкін?
- Визалық рәсімдерді жеңілдету Қазақстан мен ЕО арасындағы адамдар арасындағы байланыстарды дамытуда маңызды қадам болмақ.
Іскерлік орта үшін бұл қазақстандық кәсіпкерлердің Еуропадағы серіктестерімен байланыс орнатуын жеңілдетеді, инвестициялық жобаларды іске асыруды жеделдетеді және сауда қатынастарын кеңейтеді.
Білім беру саласында бұл өзгерістер студенттердің, магистранттардың, докторанттардың және оқытушылардың академиялық ұтқырлығын арттырады. Қазақстандық жастардың еуропалық университеттерде білім алу мүмкіндіктері кеңейеді.
Ғылыми ынтымақтастық тұрғысынан алғанда, зерттеушілердің халықаралық жобаларға қатысуы жеңілдейді және бірлескен ғылыми бағдарламалардың саны артуы ықтимал. Гуманитарлық деңгейде халықтар арасындағы өзара түсіністік нығайып, мәдени байланыстар кеңейеді.
Дегенмен, реадмиссия туралы келісімнің қабылдануы заңсыз көші-қонмен күресу міндеттемелерін де қамтитынын ескеру қажет. Қазақстан Еуропалық Одақпен көші-қон саласындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі болғанымен, мұндай өзара іс-қимыл ең алдымен визалық рәсімдерді жеңілдету, академиялық ұтқырлықты кеңейту және заңды көші-қон арналарын дамытуға бағытталғаны орынды. Ал қарулы қақтығыстар мен саяси тұрақсыздық аймақтарынан келген үшінші мемлекеттердің азаматтарын қабылдауға қатысты міндеттемелер ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық келісім және мемлекеттің қабылдау әлеуеті тұрғысынан ерекше сақтықпен қарастырылуы тиіс.
Қорытындылай келе, Қазақстанның көші-қон саясаты халықаралық гуманитарлық жауапкершілік пен ұлттық мүдделер арасындағы теңгерімді сақтауға негізделуі қажет. Сондықтан реадмиссия және көші-қонды басқару саласындағы келісімдер ел аумағын үшінші елдерден келген босқындарды тұрақты орналастыру алаңына айналдыруға алып келмеуі тиіс.
- Тоқаев дипломатиясы Қазақстанның дербес халықаралық серіктес ретіндегі рөлін қаншалықты нығайтып келеді?
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саяси бағыты Қазақстанның дәстүрлі көпвекторлы саясатын жаңа жағдайларға бейімдеуге бағытталған.
Қазақстан бүгінде бір мезгілде:
Еуропалық Одақпен стратегиялық әріптестікті;
Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықты;
АҚШ-пен инвестициялық және қауіпсіздік саласындағы байланыстарды;
Ресеймен одақтастық қатынастарды;
Орталық Азия елдерімен өңірлік интеграцияны дамытуда.
Қазақстанның ешбір геосаяси блокқа толық тәуелді болмай, әртүрлі күш орталықтарымен прагматикалық қатынастар орнатуы оның халықаралық беделін арттырып отыр.
Тоқаевтың жүргізіп отырған Қазақ дипломатиясының ерекшелігі – идеологиялық ұстанымдарға емес, ұлттық мүдделерге негізделген икемді саясат жүргізуде. Бұл Қазақстанды халықаралық делдалдық бастамаларға қатысуға қабілетті мемлекет ретінде көрсетеді.
- Брюссель сапарын стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңі ретінде қарастыруға бола ма?
- Иә, белгілі бір дәрежеде бұл сапарды Қазақстан–ЕО стратегиялық серіктестігінің жаңа кезеңінің бастамасы ретінде бағалауға болады. Бірлескен мәлімдеме тараптардың қарым-қатынастарының ұзақмерзімді басымдықтарын айқындап берді. Егер келісілген бастамалар нақты жобаларға айналса, онда бұл серіктестік Қазақстанның халықаралық позициясын айтарлықтай нығайтады.
Ұзақ мерзімді перспективада Қазақстан:
Орталық Азиядағы негізгі экономикалық орталықтардың біріне; Еуропа мен Азия арасындағы жетекші транзиттік хабқа; сирек металдар мен жасыл энергетика саласындағы маңызды жеткізушіге; өңірлік дипломатияның ықпалды акторына айналуы мүмкін. Сонымен бірге, Қазақстан үшін басты міндет – ЕО-мен қарым-қатынастарды дамыту барысында Ресеймен, Қытаймен және басқа да стратегиялық серіктестермен қалыптасқан байланыстарды сақтай отырып, көпвекторлы саясаттың теңгерімді сипатын қамтамасыз ету. Дәл осы теңгерімді ұстаным Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі дербес және сұранысқа ие орта держава ретіндегі мәртебесін нығайтуға мүмкіндік береді.