Қазақстан мен Индонезия арасындағы тауар айналымы $245 млн-ға жетті
Олжас Бектенов Аирлангга Хартартомен кездесу өткізіп, екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында Қазақстан мен Индонезия арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, инвестициялық байланыстарды нығайту және түрлі саладағы әріптестікті арттыру мәселелері қаралды.
Индонезия Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды серіктестерінің бірі саналады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 244,7 миллион доллар болған. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 31,5 миллион доллар деңгейінде қалыптасты.
Қазақстан негізінен өңдеу өнеркәсібі, металлургия және химия өнімдерін экспорттайды. Ал Индонезиядан электроника мен тоқыма өнімдері жеткізіледі.
Кездесуде бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Прабово Субианто халықаралық алаңдарда бірнеше рет кездесіп, бұл байланыстарға қосымша серпін бергені атап өтілді.
«Қазақстан Индонезиямен сауда-экономикалықмам байланыстарды кеңейтуге үлкен мән береді. Біз ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделіміз», – деді Олжас Бектенов.
Тараптар энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, азық-түлік өңдеу, цифрлық экономика, ислам банкингі, білім беру және туризм бағыттарында өзара іс-қимылды күшейтуге қызығушылық танытты.
Сондай-ақ көлік-логистика саласындағы серіктестікке ерекше назар аударылды. Қазақстанның транзиттік әлеуеті мен халықаралық көлік дәліздерінің мүмкіндіктерін пайдалану мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысында тараптар екі ел арасындағы экономикалық байланысты одан әрі нығайтуға өзара мүдделі екенін растады.