Қазақстан мен Қытай атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді
Қазақстанда атом энергетикасын дамытуға бағытталған жұмыстар халықаралық ынтымақтастықпен қатар жүргізіліп келеді.
Бұл ретте атом саласында тәжірибесі мен технологиялық әлеуеті жоғары мемлекеттермен әріптестік орнатуға, қауіпсіздік стандарттарын жетілдіруге және отандық мамандардың кәсіби деңгейін көтеруге басымдық берілуде. Осы бағыттағы кезекті келіссөздер шілде айында Қытай астанасы Бейжіңде өтті.
Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қытайдың энергетика және атом саласына жауапты мемлекеттік органдары мен ірі компанияларының басшыларымен бірқатар кездесу өткізді. Келіссөздерге Қытайдың Мемлекеттік энергетика басқармасының басшысы Ван Хунчжи, Қытай атом энергиясы агенттігінің төрағасы Шань Чжундэ және Қытай ұлттық ядролық корпорациясының басшысы Шэнь Яньфэн қатысты.
Тараптар екі елдің атом саласындағы ықпалдастығын кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, бірлескен бастамаларды жүзеге асыру, өндірістік кооперацияны дамыту және салалық ұйымдар арасындағы байланысты күшейту мәселелері қаралды.
Кездесулер барысында атом энергетикасын дамытудағы ең маңызды бағыттардың бірі – қауіпсіздік мәселесіне айрықша көңіл бөлінді. Қазақстан мен Қытай өкілдері ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атом саласын мемлекеттік реттеу тетіктерін жетілдіру және нормативтік-құқықтық базаны дамыту жөнінде пікір алмасты. Бұл мәселелер Қазақстанда атом энергетикасының жаңа инфрақұрылымын қалыптастыру жағдайында ерекше маңызға ие.
Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – білікті кадрлар даярлау мен ғылыми-техникалық байланысты кеңейту. Атом энергетикасы күрделі технологиялар мен жоғары кәсіби дайындықты қажет ететін сала болғандықтан, халықаралық тәжірибені пайдалану қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыруға және ғылыми әлеуетті күшейтуге мүмкіндік береді.
Бейжіңдегі келіссөздердің қорытындысында тараптар бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды кезең-кезеңімен жүзеге асыруға және атом саласындағы бірлескен жұмыс тетіктерін жандандыруға дайын екенін білдірді. Қазақстан үшін мұндай ынтымақтастық атом энергетикасын қауіпсіз әрі технологиялық талаптарға сай дамытуға қажетті тәжірибе жинақтаудың маңызды бағыттарының бірі болмақ.