Қоғам

Қазақстан мұнайын тиеген екі танкерге шабуыл жасалды

30 шілдеге қараған түні Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалы маңында қазақстандық мұнай тасымалдайтын екі танкерге ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуыл жасады.

Фото: Жас Алаш коллаж

Бұл оқиға Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың телефон арқылы сөйлесуінен бірнеше сағат өткен соң болды. Келіссөз барысында негізгі тақырыптардың бірі КҚК төңірегіндегі жағдай болған.

Шабуыл кезінде NIFFOS SIFNOS танкері «Теңізшевройл» (Chevron) компаниясының мұнайын тиеп жатқан. Соққы салдарынан кеменің палубасында өрт шыққанымен, экипаж бен КҚК-ның көмекші кемелері оны жедел сөндірді. Зардап шеккендер мен мұнайдың теңізге төгілуі тіркелген жоқ.

Сондай-ақ MARATHI танкері де дрон шабуылына ұшырады. Бұл кеме терминалға мұнай тиеуге бет алған болатын. Осы оқиғадан кейін КҚК мұнай тиеу жұмыстарын уақытша тоқтатты. Дегенмен консорциумның мәліметінше, мұнай құбыры штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр. КҚК өкілдері шабуылдардың Қазақстан мен өзге де шетелдік акционерлердің, соның ішінде АҚШ Мемлекеттік департаменті арқылы халықаралық энергетикалық инфрақұрылым нысандарына соққы жасамауға шақырған үндеулерінен кейін болғанына назар аударды.

Каспий құбыр консорциумы – қазақстандық мұнай экспортының негізгі бағыты. Елдің мұнай экспортының 80 пайыздан астамы дәл осы құбыр арқылы жүзеге асырылады.

Сайт Әкімшілігі