Қазақстан СІМ Германиядағы экс-судьяның өліміне қатысты тергеуге араласпайды
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың айтуынша, ведомство өз құзыреті шеңберінде барлық қажетті көмекті көрсетіп жатыр.
«Бұл мәселе құқық қорғау органдарының – Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның құзыретіне жатады. Сондықтан тергеу барысына қатысты сұрақтарды осы органдарға жолдаған дұрыс. Елшілік дипломаттары өз арналары арқылы барлық қажетті көмекті көрсетіп отыр», - деді ол.
СІМ өкілінің сөзінше, Германияда бұрынғы судьяның өліміне қатысты істің мән-жайын қазақстандық құқық қорғау органдары мен неміс тарапы анықтап жатыр. Дипломаттар консулдық қолдау көрсету жұмыстарын жалғастырмақ.
Айта кетейік, 2024 жылғы маусымда Германияда Қазақстан азаматы Айгүл Сайлыбаеваның жоғалғаны белгілі болды. Қазақстан СІМ-нің мәліметінше, 5 маусымда Франкфурт-на-Майндағы бас консулдыққа оның жоғалғаны туралы хабар түскен.
Кейін мәйіттің Бенсхайм қаласы маңынан табылғаны хабарланды. Немістің Bild басылымы әйелдің өлер алдында зорлық көргенін жазды. Германияда кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Дармштадт сотының шешімімен Наталья Донцова күдікті деп танылып, Германия мен Еуропаның өзге елдерінде қамауға алу туралы ордер жарияланған.
2025 жылғы 13 қарашада Қазақстан ІІМ Айгүл Сайлыбаеваға қатысты азаптау дерегі бойынша тергеу бастағанын мәлімдеді. Қазақстанда Айгүлдің күйеуі мен қайын енесіне іздеу жарияланды. Ал 2 ақпанда Ресей Тергеу комитеті Донцовтардың Мәскеуде жүрген-жүрмегенін тексеруді тапсырды.
БАҚ мәліметінше, қазіргі уақытта Наталья Донцова Мәскеуде тұрады. Оның ұлы Александр Донцов та Ресейде, Жоғары экономика мектебі (НИУ ВШЭ) университетінде жұмыс істейді.
Айгүл Сайлыбаеваның туыстары күдіктілердің сот алдында жауап беруін талап етіп отыр.