Қоғам

Елімізде 463 мың адам өздерін құмар ойындардан шектеген

Қазақстанда 463 мың азамат құмар ойындарға қатысуға өз еркімен шектеу қою туралы өтініш берген. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді.

Фото: narkology.info

Өзін-өзі шектеу қызметі eGov порталы арқылы рәсімделеді. Алайда қазіргі уақытта берілген өтініштердің 48 пайызы ғана белсенді күйде қалып отыр. Бұл шамамен 224 мың адамға тең.

Үкімет басшысының айтуынша, 2024-2025 жылдары лудоманиямен күрес аясында бірқатар заңнамалық өзгерістер қабылданған. Соған сәйкес, Бірыңғай борышкерлер тізіліміндегі азаматтарға, мемлекеттік қызметкерлерге, әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне құмар ойындарға қатысуға тыйым салынды. Бұдан бөлек, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасына шектеулер енгізіліп, құмар ойындарды SMS арқылы жарнамалауға тыйым салынды. Сондай-ақ өзін-өзі шектеу мерзімі 10 жылға дейін ұзартылды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде ел бойынша букмекерлік кеңселерге қатысты 2 мыңнан астам жарнамалық құрылым алынып тасталып, 55 мыңнан астам заңсыз интернет-казино бұғатталған.

Сайт Әкімшілігі