Қазақстанда аэротаксимен жүру құны қанша болады?
Қазақстанда іске қосылуы жоспарланып отырған аэротакси қызметінің бағасы белгілі болды. Бұл туралы Үкіметтегі баспасөз мәслихатында вице-премьер Қанат Бозымбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, болашақта дрон негізіндегі ұшу аппараттары күнделікті көлік түріне айналуы мүмкін. Әсіресе Алатау, Алматы және Алматы облысын қамтитын агломерация аумағында аэротакси жүйесін дамыту жоспарланып отыр.
Вице-премьердің сөзінше, қазіргі есеп бойынша ұшу құны шамамен әр шақырымға 1 доллар болады. Мысалы, 15 шақырымдық бағыт үшін жолаушы 15 доллар төлеп, кептеліссіз бірнеше минутта қажетті жеріне жете алады.
«Қазір Алматы әуежайынан қалаға жету кейде бір жарым-екі сағатқа созылады. Болашақта жолаушылар рейсті алдын ала брондап, дрон арқылы жылдам қатынай алады», – деді Бозымбаев.
Сондай-ақ ол бұл қызметке қойылатын талаптарға сай келетін кәсіпкерлер лицензия алып, нарыққа кіре алатынын айтты.
Үкіметтің болжамынша, бәсекелестік артқан сайын аэротакси бағасы да төмендеуі мүмкін.