Қазақстанда Ахметова мен Вайсқа қатысты қылмыстық іс қозғалды
Алматы мен Алматы облысында блогерлер Анастасия Ахметова мен Эльмира Кулаковаға қатысты қылмыстық істер тергеліп жатыр.
Ашық дереккөздердегі мәліметке сәйкес, екеуі де Қылмыстық кодекстің 174-бабы – алауыздықты қоздыру бойынша күдікке ілінген.
Ахметова мен Кулакованың істері бір-бірінен бөлек жүргізіліп жатқаны айтылады. Эльмира Кулакова әлеуметтік желілерде Эльмира Вайс есімімен танымал.
Блогерлер әлеуметтік желілерде түрлі ұлт пен мемлекет өкілдері арасындағы жанжалдарға қатысты жазбалар жариялап жүрген. БАҚ мәліметінше, олардың жарияланымдарына байланысты құқық қорғау органдарына арыздар түсіп, кейін қылмыстық істер тіркелген.
Блогерлер полицияға жеткізіліп, оларға бұлтартпау шаралары таңдалғаны хабарланды. Алдын ала мәлімет бойынша, Анастасия Ахметова үйқамаққа алынған. Ал Эльмира Кулакованы тергеу изоляторына қамау туралы шешім қабылданған.
Әзірге Алматы және Алматы облысының полиция департаменттері мен сот органдары екі блогерге қатысты бұлтартпау шаралары жөнінде толық ресми ақпарат жариялаған жоқ.
Қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес, күдіктілердің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталады.