Қоғам

Қазақстанда алғаш рет әкімшілік рақымшылық жасалады: 2 мыңнан астам адам айыппұлдан босатылады

Қазақстанда ел тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық жасалады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.

Фото: из открытых источников

Алдын ала мәлімет бойынша, рақымшылық шамамен 2 370 адамға қатысты болып, жалпы сомасы 298,4 млн теңге көлеміндегі өтелмеген әкімшілік айыппұлдар есептен шығарылады.

Комитеттің мәліметінше, рақымшылық келесі санаттарға қолданылады: жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, заң консультанттары.

Ал заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, шетел азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар бұл рақымшылыққа ілінбейді. Сонымен қатар сот тағайындаған әкімшілік жазалар мен азаматтардың немесе мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін құқық бұзушылықтар рақымшылыққа жатпайды. Сондай-ақ салық салу объектілерін жасыру, салық төлеуден жалтару және салық сомасын төмендету сияқты бюджетке залал келтіретін салықтық құқық бұзушылықтар да бұл тізімге енгізілмеген.

Алдын ала есеп бойынша, рақымшылық аясында 448 жеке тұлғаның 72,7 млн теңге көлеміндегі және 1 930 жеке кәсіпкердің 225,6 млн теңге көлеміндегі айыппұлдары есептен шығарылады.

Мемлекеттік кірістер комитеті рақымшылыққа қатысты нақты көрсеткіштер заң қабылданып, күшіне енгеннен кейін белгілі болатынын мәлімдеді.

Сайт Әкімшілігі