Қазақстанда АПВ-ға қарсы вакцина енді 14–17 жастағы қыздарға да салынады
Қазақстанда адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинация бағдарламасы кеңейтілді.
Енді екпені 14 пен 17 жас аралығындағы қыздар да ала алады. Бұл туралы елдің Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, шешім азаматтардың АПВ-ға қарсы вакцинация жасалатын жасөспірімдер санатын кеңейту туралы көптеген өтінішінен кейін қабылданған. Тиісті қаулыға 13 мамыр күні бас мемлекеттік санитарлық дәрігер қол қойған.
Құжатқа сәйкес, 14-17 жастағы қыздарды қосымша вакцинациялау ерікті түрде жүргізіледі және тек ата-анасының ақпараттандырылған келісімімен жасалады. Екпе қолда бар вакцина қоры есебінен салынады.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл шара адам папилломасы вирусымен байланысты онкологиялық аурулардың алдын алу және жасөспірімдерді қосымша қорғау мақсатында қолға алынғанын айтты.
Қазақстанда бұған дейін басталған 11 жастағы қыздарды жоспарлы вакцинациялау және 12-13 жастағы жасөспірімдерді қосымша иммундау жалғасып жатыр.
Министрлік дерегіне сәйкес, 1 мамырдағы жағдай бойынша 11-13 жас аралығындағы 398 мыңнан астам қыз АПВ-ға қарсы вакцина алған. Оның ішінде шамамен 248 мыңы алғашқы дозаны, ал 150 мыңнан астамы екінші дозаны қабылдаған.
Ведомство вакцина салдырғандар арасында жағымсыз асқыну жағдайлары тіркелмегенін мәлімдеді.