Әлеумет

Қазақстанда әскери қызметшілерге смартфон қолдануға рұқсат берілді

Қазақстан Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдер мен ведомство құрылымдарында мобильді байланыс құралдарын пайдалану тәртібіне енгізілген өзгерістерді түсіндірді.

Фото: ашық дереккөз

Ведомствоның хабарлауынша, тиісті өзгерістер 2026 жылғы 30 наурызда министрдің бұйрығымен бекітілген. Құжат абоненттік құрылғыларды (телефондарды) әкелу, шығару және пайдалану тәртібін жаңартты.

Бұған дейін әскери қызметшілерге тек кнопкалы (батырмалы) телефондарды пайдалануға рұқсат берілетін. Олар шектеулі уақытқа беріліп, тек казарма ішінде ғана қолданылатын.

Енді ережелер жұмсартылды. Министрлік мәліметінше, сарбаздарға, курсанттар мен кадеттерге телефондарды өздерімен бірге казармаға дейін алып кіруге және алып шығуға рұқсат берілген. Алайда құрылғы өшірулі күйде болуы тиіс.

Телефондарды бөлімше аумағында, сондай-ақ әскери госпитальдарда, әскери-медициналық мекемелердің емдеу және диагностикалық бөлімдерінде пайдалануға болады.

Қорғаныс министрлігі нақты пайдалану уақыты әр бөлімшенің командирлері тарапынан белгіленетінін атап өтті. Әдетте бұл әскери қызметшілердің жеке уақытымен шектеледі және жауынгерлік дайындық пен мемлекеттік-құқықтық сабақтарға кедергі келтірмеуі тиіс.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: сарбаз