Қазақстанда инфляцияны 2027 жылы 7,5–9,5%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр
Қазақстан үкіметі 2027–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуды талқылады. Құжатқа сәйкес, 2027 жылы инфляцияны 7,5–9,5% деңгейіне дейін төмендету көзделген.
Ал 2028–2029 жылдары инфляция 6–8% аралығында болады деп болжанып отыр.
Экономика және қаржы министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, экономикалық өсім негізінен мұнайға қатысы жоқ салалардағы өндірістің артуы есебінен қамтамасыз етіледі. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім тау-кен өндірісінің қарқынынан жоғары болады деген болжам бар.
Болжам бойынша, Қазақстанның номиналды жалпы ішкі өнімі 2027 жылы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін өседі.
Республикалық бюджет кірісі де артады деп күтілуде. Есепке сәйкес, 2027 жылы бюджетке 19,9 трлн теңге, ал 2029 жылы 23,4 трлн теңге түседі деп болжанған.
2026 жылға арналған болжам бойынша бюджет кірісі 19,2 трлн теңге деңгейінде жоспарланған.