Қоғам

Қазақстанда кальянға мүмкін бе?

Әлеуметтік желілерде 1 шілдеден бастап Қазақстанда кальянға рұқсат беріледі деген ақпарат тарады. Алайда Қаржы министрі Мәди Такиев бұл мәселеге қатысты заң жобасы әлі қабылданбағанын мәлімдеді.

Фото: ашық дереккөз

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда кальян қызметі ресми түрде тыйым салынғанымен, іс жүзінде жұмыс істеп тұрған орындар бар. Осыған байланысты Қаржы министрлігі бұл саланы лицензиялап, салықтық реттеуге алуды ұсынып отыр.

Ведомствоның алдын ала есебіне сәйкес, кальян бизнесін заңдастыру және лицензиялау бюджетке жыл сайын шамамен 50 миллиард теңге қосымша кіріс әкелуі мүмкін. Ал Денсаулық сақтау министрлігі темекіге қарсы саясатты қолдайтынын және халық денсаулығын қорғау мақсатында қолданыстағы шектеу шараларын сақтауды жақтайтынын жеткізді.

Қазіргі уақытта кальянды заңдастыру туралы түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Тиісті заң жобасы мақұлданған жағдайда ғана өзгерістер күшіне енеді. 

Егер кальян заңдастырылып, лицензиялау мен салық салу енгізілсе, қызмет құнының қымбаттауы ықтимал. Өйткені бизнес лицензия, акциздер мен қосымша талаптардың шығынын бағаға қосуы мүмкін. Бірақ бұл әзірге тек болжам ғана.

Сайт Әкімшілігі