Саясат

Қазақстанда қамауда отырған шешен белсендісінің ата-анасы ұрланды деген ақпарат тарады

Қазақстанда қамауда отырған шешен оппозициялық белсендісі Мансур Мовлаевтың ата-анасы ұрланды деген ақпарат жарияланды.

Фото: ашық дереккөз

Белсендінің қолдау тобының мәліметінше, Мансурдың ата-анасы – Хава мен Мовсар Мовлаевтарды Шешенстан аумағында белгісіз адамдар күштеп алып кеткен. Қазіргі уақытта олардың қайда екені белгісіз.

Қолдау тобының хабарлауынша, Мансур Мовлаевтың өзі Қазақстанда қамауда қалып отыр және оны Ресейге, соның ішінде Шешенстанға экстрадициялау қаупі сақталған. Белсендінің жақтастары мұндай жағдайда оның өміріне қауіп төніп, азаптау немесе қаза болу қаупі бар деп алаңдайды. Олар мұны Мовлаевтың Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров пен жергілікті билікті сынауымен байланыстырады.

Сондай-ақ отбасы мүшелерінің айтуынша, бұған дейін Мовлаевтың ағасы да ұрланып, азаптауға ұшыраған. Кейін ол ауыр дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген. Белсенділер оның сол жарақаттардың зардабын әлі күнге дейін тартып жүргенін мәлімдеді.

Мансур Мовлаевты қолдау тобы журналистерді, құқық қорғау ұйымдарын және халықаралық институттарды бұл іске назар аударуға шақырды.

Еске салсақ, биыл қаңтар айында Канададағы антиимпериялық ұлттар блогының комитеті Қазақстан билігінен шешен оппозициялық белсендісі Мансур Мовлаевқа саяси баспана беру мәселесін қарастыруды сұраған болатын. Кейін оның адвокаттары Елена Жигаленок пен Рена Керимова Қазақстан Президенті әкімшілігіне жүгінгені белгілі болды.

Әзірге Мовлаевтың ата-анасының жоғалуына қатысты ресми органдардан түсініктеме жарияланған жоқ.

Сайт Әкімшілігі