Саясат

Қазақстанда Қауіпсіздік кеңесінің аппараты құрылды – Тоқаев жарлыққа қол қойды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойды.

Фото: Ақорда

Жарлыққа сәйкес, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің аппараты құрылды. Ол Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган болады.

Қауіпсіздік кеңесі – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, елдің қорғаныс қабілетін нығайту және егемендігін қорғау саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты үйлестіретін конституциялық алқалы орган. Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін Қазақстан Президенті атқарады.

Бұған дейін Құрылтайдың I шақырылымының алғашқы сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары деген жаңа лауазым енгізілетінін айтқан.

«Құрылтайдың құрылымы жасақталғаннан кейін депутаттардың қарауына вице-президент пен премьер-министрдің кандидатураларын енгіземін. Одан кейін сіздермен консультация өткізіп, Үкімет мүшелерін тағайындаймын. Сонымен қатар Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары деген жаңа лауазымға тағайындау жасалады», – деді Президент.

Айта кетейік, 20 тамызда Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, стратегиялық маңызы бар материалдар саласын, соның ішінде сирек және сирек кездесетін металдар өндірісін дамыту мәселелерін талқылаған.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Тоқаев