Қазақстанда қой еті мен жылқы еті қымбаттап жатыр
Қазақстанда ет өнімдерінің жекелеген түрлерінің бағасы өсіп жатыр.
Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, шілде мен тамыз айлары дәстүрлі түрде негізгі азық-түлік бағасы маусымдық тұрақталатын кезең саналады.
«Соңғы бір аптада қызанақ 15,1%-ға, қияр 18,2%-ға, сәбіз 5,2%-ға және жұмыртқа 2,4%-ға арзандады. Сонымен қатар ет өнімдерінің кейбір түрлері қымбаттап жатыр: қой еті – 2%-ға, жылқы еті – 1,3%-ға, тартылған ет – 0,6%-ға өсті», – деді ол.
Сонымен қатар шілденің алғашқы үш аптасының қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының орташа индексі 0,1%-ға төмендеген.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, маусым айының қорытындысында елдегі жылдық инфляция 10,3%-ды құрады. Мамыр айында бұл көрсеткіш 10,4% болған. Орташа республикалық деңгейден жоғары инфляция 11 өңірде тіркелген. Ең жоғары көрсеткіштер Жетісу, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында байқалған.
Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қазақстандықтардың нақты табысы 0,1%-ға өскенін мәлімдеген еді.