Қазақстанда Құрылтай депутаттарын бес жылға сайлау ұсынылды
Қазақстандағы жаңа бір палаталы Құрылтай депутаттарын бес жыл мерзімге сайлау ұсынылып отыр. Бұл туралы парламент палаталарының бірлескен отырысында мәжіліс депутаты Айдос Сарым мәлімдеді.
Айдос Сарым жаңа Конституция нормаларын жүзеге асыру мақсатында әзірленген «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасын таныстырды.
«Заң жобасына сәйкес, Құрылтай құрамы 145 депутаттан тұрады. Олар пропорционалды жүйе бойынша сайланады және өкілеттік мерзімі бес жыл болады. Бүгін біз мемлекеттік билік жүйесіне “Парламент” сөзінің орнына “Құрылтай” ұғымын қайта енгізіп отырмыз», - деді депутат.
Ұсыныс бойынша заң 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» заңдардың күші жойылады.
Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде Конституция күшіне енгеннен кейін бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қоятынын айтқан еді. Оның сөзінше, дауыс беру биыл тамыз айында өтеді.
Жаңа Конституция 15 наурызда өткен республикалық референдум нәтижесінде қабылданды. Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, дауыс беруге сайлаушылардың 73,12 пайызы қатысқан. Оның 87,15 пайызы Конституцияны қолдап дауыс берген. Ал 898 099 азамат қарсы дауыс берсе, тағы 146 558 бюллетень жарамсыз деп танылған.