Қазақстанда медициналық деректерді алу ережелері өзгереді
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі цифрлық денсаулық сақтау субъектілерінің қолжетімділік құқықтарын бөлу қағидаларына өзгерістер енгізуді ұсынды.
Ведомство мәліметінше, түзетулер медициналық ақпаратты қорғау жүйесін жетілдіруге, киберқауіпсіздік деңгейін арттыруға және денсаулық сақтау саласындағы жеке деректермен жұмыс істеудің бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруға бағытталған.
Жоба аясында меншік нысанына қарамастан барлық медициналық ұйымдар үшін пациенттердің жеке медициналық деректеріне қолжеткізу тәртібі нақтыланады.
Атап айтқанда, медициналық ақпараттық жүйелердегі пайдаланушылардың қолжетімділік құқықтарын қатаңырақ бөлу, сондай-ақ пациент деректерінің құпиялылығын қамтамасыз етуге қатысты техникалық және ұйымдастырушылық талаптарды жаңарту ұсынылып отыр.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл өзгерістер азаматтардың медициналық көмек алу құқығын шектемейтінін атап өтті. Сондай-ақ түзетулер медициналық қызмет көрсету тәртібіне әсер етпейді және халық үшін цифрлық сервистердің қолжетімділігін өзгертпейді.
Министрліктің түсіндіруінше, жаңа талаптар денсаулық сақтау саласының цифрлық инфрақұрылымының тұрақтылығын күшейтіп, деректерге рұқсатсыз қол жеткізу қаупін азайтуға және азаматтардың жеке медициналық ақпаратын қосымша қорғауға мүмкіндік береді.
Ведомство өкілдері жаңа бастамалар цифрлық денсаулық сақтау жүйесінің қауіпсіздігін, ыңғайлылығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталғанын жеткізді. Соның арқасында медициналық ұйымдардың жұмысы тиімдірек болып, азаматтар қызметтерді жылдам әрі қауіпсіз ала алады.