Қазақстанда мектеп бітіру кештерін мейрамханада, табиғат аясында ұйымдастыруға тыйым салынды
Оқу-ағарту министрлігі биыл мектеп бітіру кештерін өткізуге байланысты бірқатар шектеу енгізілетінін мәлімдеді.
Жаңа талапқа сәйкес, түлектердің кештерін мейрамхана, кафе, банкет залы, демалыс базасы немесе табиғат аясында ұйымдастыруға тыйым салынады.
Министрліктің мәліметінше, 2026 жылғы оқу жылын ел бойынша 3,9 миллионнан астам оқушы аяқтайды. Оның ішінде 215 мыңнан астамы – мектеп бітіруші 11-сынып түлектері.
25 мамыр күні барлық мектепте «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Ал аттестат пен диплом тапсыру рәсімдері тек білім беру ұйымдарының ғимаратында ұйымдастырылмақ.
Сондай-ақ ведомство ата-аналардан ақша жинауға, мұғалімдерге сыйлық жасауға немесе қандай да бір материалдық құндылық талап етуге жол берілмейтінін ескертті.
Министрлік бұл шектеулер оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында енгізілгенін атап өтті.