Саясат

Қазақстанда өзбек ғалымы тыңшылық жасады деген күдікке ілінді: ҰҚК Ташкентті ресми хабардар етті

Қазақстан Өзбекстанды тыңшылық ісі бойынша ресми түрде хабардар етті.

Фото: ашық дереккөз/ ЖИ

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Астанада тыңшылық жасады деген күдікпен ұсталған өзбекстандық профессор Икболжон Қарабоевтың ісіне байланысты Өзбекстан билігін ресми түрде хабардар етті.

«ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдары жария етуге жатпайды. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, өзбек тарапы дипломатиялық арналар арқылы ресми түрде хабардар етілді», – делінген ҰҚК жауабында.

Осылайша, Қазақстан билігі Қарабоевтың ісіне байланысты Өзбекстанға дипломатиялық арналар арқылы ақпарат берілгенін алғаш рет ресми мәлімдеп отыр. Алайда ҰҚК профессордың нақты қандай әрекеттерге байланысты күдікке ілінгенін ашып айтқан жоқ. Бұған дейін комитет оның ұсталғаны мен тыңшылық жасады деген күдік туралы ақпаратты ресми түрде растамаған да, жоққа шығармаған.

Фото: ашық дереккөз

Өзбекстандық профессордың ұсталғаны туралы не белгілі?

Бұған дейін BBC-дің Өзбек қызметі Қазақстанда Өзбекстан азаматы, профессор Икболжон Қарабоевтың тыңшылық жасады деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған.

46 жастағы Қарабоев – Өзбекстанның Әндіжан өңірінің тумасы. Ол Астанада әйелі және кәмелетке толмаған үш баласымен бірге тұрған. Қазақстанда Мақсұт Нәрікбаев университетінде халықаралық қатынастар саласында сабақ берген.

BBC мәліметінше, Қарабоев 3 шілдеде ұсталған. Оның туыстары сол күні азаматтық киімдегі бірнеше адамның Астанадағы үйіне келіп, профессорды алып кеткенін айтқан. Кейін оның үйі мен жұмыс орны тінтіліп, жеке ноутбугы мен телефоны тәркіленгені хабарланды.

Туыстарының айтуынша, профессорға Қазақстан Қылмыстық кодексінің 176-бабы – «Тыңшылық» бойынша айып тағылған. Бұл бап шетелдік азаматтың немесе азаматтығы жоқ адамның мемлекеттік құпияларды шет мемлекетке, шетелдік ұйымға немесе олардың өкілдеріне беруі, сондай-ақ Қазақстанның ұлттық мүдделеріне қарсы бағытталған өзге де әрекеттері үшін жауапкершілікті қарастырады.

BBC дерегінде істің нақты мән-жайы құпия сақталып отырғаны айтылған. Басылым мәліметінше, Қарабоевқа тағылған күдік оның Астанадағы Өзбекстан консулдығы қызметкеріне белгілі бір ақпарат берген болуы мүмкін деген болжаммен байланысты. Алайда бұл ақпаратты Қазақстанның құзырлы органдары ресми түрде растаған жоқ.

Қарабоев бұған дейін Бельгиядағы БҰҰ университетінің Салыстырмалы өңірлік интеграцияны зерттеу институтымен де ғылыми байланыста болған. Ал Мақсұт Нәрікбаев университеті кейінірек оның қазіргі уақытта университет профессоры емес екенін мәлімдегенімен, еңбек шартының нақты қашан тоқтатылғанын түсіндірмеген.

Профессордың туыстары оның бірнеше апта бойы отбасымен кездесе алмағанын айтқан. Істің басқа егжей-тегжейі тергеу құпиясына байланысты әзірге жарияланып отырған жоқ.

Сайт Әкімшілігі