Саясат

Қазақстанда өзбекстандық профессор тыңшылық жасады деген күдікпен қамауға алынды

Қазақстанда Өзбекстан азаматы, профессор Иқболжон Қорабоев тыңшылық жасады деген күдікпен қамауға алынды.

Фото: bbc.com

 Ол Астанадағы Мақсұт Нәрікбаев университетінде халықаралық қатынастар пәнінен сабақ берген.

Профессордың жақындарының BBC-ге айтуынша, Қорабоевқа Қазақстан Қылмыстық кодексінің 176-бабы – «Тыңшылық» бойынша айып тағылып отыр.

Бұл бапта тыңшылық деп мемлекеттік құпияларды шет мемлекетке немесе ұйымға беру мақсатында жинау, ұрлау немесе сақтау, сондай-ақ шетел азаматтарының Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қарсы өзге де ақпараттарға қатысты осындай әрекеттер жасауы қарастырылған.

Қорабоевтың аты-жөнін атамауды сұраған жақынының сөзінше, профессор 3 шілдеде ұсталған.

«3 шілдеде азаматтық киімдегі бірнеше адам оның Астанадағы үйіне келіп, тыңшылық жасады деген айып тағылып отырғанын айтып, алып кетті», – дейді ол.

46 жастағы Иқболжон Қорабоев – Өзбекстан азаматы, Андижан тумасы. Ол Астанада жұбайы және кәмелетке толмаған үш баласымен бірге тұрған. Қазіргі уақытта профессордың қамауда отырғанына екі айға жуықтаған.

BBC бірнеше апта бойы Қорабоевтың қамауға алыну жағдайын зерттеген. Басылымның жазуынша, бұл іске қатысты ақпарат өте аз әрі құпия сақталып отыр. Профессормен бірге жұмыс істеген кейбір зерттеушілер аты-жөнін жарияламауды сұраса, енді бірі журналистердің сауалдарына жауап бермеген.

BBC Өзбекстанның Бас прокуратурасы, Ішкі істер және Сыртқы істер министрліктеріне, сондай-ақ Өзбекстанның Қазақстандағы консулдығына сауал жолдағанымен, жауап ала алмаған.

Басылым Қорабоев жұмыс істеген Мақсұт Нәрікбаев университетіне және ол аға ғылыми қызметкер саналатын Бельгиядағы БҰҰ Университетінің Салыстырмалы өңірлік интеграцияны зерттеу институтына (UNU-CRIS) да хабарласқан.

UNU-CRIS профессордың жағдайына алаңдаушылық білдіргенімен, ресми мәлімдеме жасамаған. Ал Мақсұт Нәрікбаев университеті BBC сауалдарына жауап бермеген.

Сайт Әкімшілігі