Саясат

Қазақстанда «Президент туралы» заң өзгереді

Астанада өткен парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда қарады. Құжаттың негізгі нормаларын Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев таныстырды.

Фото: akorda

Министрдің айтуынша, заң жобасы 8 тарау мен 43 баптан тұрады. Құжатта Қазақстан президенті мен вице-президентінің құқықтық мәртебесі айқындалып, жоғары мемлекеттік органдардың жұмыс тәртібі реттеледі.

Сәрсембаевтың сөзінше, заң жобасында президент «халық бірлігі мен мемлекеттік биліктің символы әрі кепілі» ретінде сипатталған. Сонымен қатар құжат жаңа Конституциядағы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» саяси формуласын жалғастырады.

Заң жобасының алғашқы тарауында президенттің қызметке кірісу рәсімі, өкілеттік мерзімі және лауазымға қатысты шектеулер көрсетілген. Бұдан бөлек, кезектен тыс президент сайлауы институтынан бас тартуға байланысты бірқатар норма нақтыланған.

Министр 2022 жылы енгізілген негізгі шектеулер сақталатынын айтты. Атап айтқанда, президент бір рет қана жеті жылға сайланады, партия мүшесі бола алмайды және оның жақын туыстарына белгілі бір шектеулер қойылады.

Құжаттың екінші тарауында президенттің ішкі және сыртқы саясатты қалыптастыру, Құрылтаймен, үкіметпен және өзге мемлекеттік органдармен жұмыс істеу өкілеттері жазылған. Сондай-ақ кадрлық және нормативтік функциялары бекітілген.

Заң жобасына сәйкес, президент Бас прокурорды, Конституциялық сот төрағасын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысын, Жоғары аудиторлық палата төрағасын, Орталық сайлау комиссиясының төрағасын, Ұлттық банк төрағасын, адам құқықтары жөніндегі уәкілді және Мемлекеттік күзет қызметінің басшысын жеке өзі тағайындайды.

Ал Құрылтайдың келісімімен вице-президент, премьер-министр, Конституциялық соттың 10 судьясы, Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесі, ОСК-ның 6 мүшесі және Жоғарғы сот судьялары тағайындалады.

Заң жобасында алғаш рет президенттің «Халық кеңесіне» қатысты өкілеті де нақты бекітілмек. Мемлекет басшысы оның құрамын бекітіп, ұйымдық инфрақұрылымын қалыптастыра алады.

Сонымен қатар заң жобасының төртінші тарауында президент жарлықтарына ерекше мәртебе беру ұсынылған. Құжатқа сәйкес, Құрылтай мерзімінен бұрын таратылып, уақытша жұмыс істемей қалған жағдайда президенттің жарлықтары конституциялық заң немесе заң күші бар акт ретінде қолданылуы мүмкін.

Министрдің айтуынша, бұл мемлекеттік басқарудың жеделдігін қамтамасыз ету үшін қажет.

Заң жобасының алтыншы және жетінші тарауларында президент қызметін қамтамасыз ету және экс-президенттердің мәртебесіне қатысты нормалар қарастырылған. Жаңа Конституцияға сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясы мен мемлекеттік резиденциялар туралы кейбір нормаларды алып тастау ұсынылады.

Әділет министрлігі бұл заңның қабылдануы бірнеше мақсатқа қызмет етеді деп отыр. Атап айтқанда:
– «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын институционализациялау;
– жоғары мемлекеттік биліктің тұрақтылығы мен тиімділігін арттыру;
– президент өкілеттерін жаңа конституциялық институттармен байланыстыру;
– вице-президент институтын енгізу арқылы мемлекеттік басқаруды жетілдіру;
– билік тармақтарының жаңа өзара әрекет моделіне заңнаманы бейімдеу.

«Бұл заң президенттік институтты одан әрі жетілдіруге, мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға және саяси модернизацияны дамытуға мүмкіндік береді», – деді Ерлан Сәрсембаев.

Еске салсақ, жаңа Конституция биыл шілде айында күшіне енеді. Ал тамызда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді.

Сайт Әкімшілігі