Қазақстанда шетелдік қаржыландыруды бақылауды қайта қарау ұсынылды
Мәжілісте Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдарды (ҮЕҰ) шетелдік қаржыландыруды реттеу тәсілдерін қайта қарау ұсынылды.
Бұл бастаманы Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы көтеріп, Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеванің атына депутаттық сауал жолдады.
Депутаттың айтуынша, қолданыстағы заңнамада бірқатар олқылықтар бар.
Оның сөзінше, шетелдік гранттар есебінен қаржыландырылатын көптеген әлеуметтік жобалар оң нәтиже көрсетіп келеді. Алайда кейбір жағдайларда мұндай қаржыландыру қоғамдық құндылықтар мен мемлекеттік мүдделерге толық сәйкес келе бермейтін идеяларды насихаттауға пайдаланылуы мүмкін.
Жарқынбек Амантайұлы қазіргі таңда Салық кодексі аясында шетелдік қаржыландыру бойынша есептілік қызметтің тек үш бағыты бойынша ғана ұсынылатынын атап өтті.
Осыған байланысты басқа қызмет түрлері бойынша келетін қаражаттың бір бөлігі толық есепке алынбай қалуы мүмкін. Сонымен қатар мемлекеттік кірістер органдарында банктік операциялар туралы өзекті ақпаратқа тұрақты қолжетімділік жоқ.
Депутат келтірген мәліметке сәйкес, биыл жарияланған ресми тізілімге шетелдік қаржыландыру алатын 155 ұйым енгізілген. Оларға бөлінген қаражаттың жалпы көлемі шамамен 12 миллиард теңгені құрайды.
Сонымен бірге ол бұл көрсеткіштер жағдайдың толық көрінісін бермеуі мүмкін екенін және қосымша талдау қажет екенін айтты.
Осыған байланысты депутат:
Салық кодексіндегі жекелеген шектеулерді алып тастау мүмкіндігін қарастыруды;
қызмет бағытына қарамастан ҮЕҰ-ларды шетелден қаржыландыруды бақылауды кеңейтуді;
мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуді;
ақпарат алмасу тетіктерін жетілдіруді ұсынды.
Депутаттың пікірінше, бұл шаралар шетелдік қаржы ағындарының ашықтығын арттырып, мемлекеттік бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.