Әлеумет

Сөз бостандығы индексі: Қазақстан 149-орында

Халықаралық Шекарасыз тілшілер ұйымының рейтингінде Қазақстан сөз еркіндігі бойынша 149-орынға тұр.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

Халықаралық Шекарасыз тілшілер ұйымы жариялаған 2026 жылғы сөз және баспасөз еркіндігі индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 149-орынға жайғасты.

Ұйым есебінде елде онлайн-жаңалықтар сапасы біршама жақсарғанымен, баспасөзге қысымның түрі өзгеріп, интернет кеңістігін бақылау күшейгені атап өтіледі.

Өткен жылы Қазақстан бұл рейтингте 141-орында болған. Осылайша, бір жыл ішінде елдің көрсеткіші төмендегені байқалады.

Айта кетейік, жақында журналистер Қазақстан Қылмыстық кодексінің 274-бабы («көрінеу жалған ақпарат тарату») соңғы уақытта «модаға» бара жатқанын айтып, дабыл қақты. 

Журналист Лұкпан Ахмедьяров кейінгі 15 жылда Қазақстандағы құқық қолдану тәжірибесі айтарлықтай өзгергенін айтты. Бұрын журналистерді жауапкершілікке тарту нақты тәртіппен жүзеге асатын, алдымен сотқа дейінгі талап-арыз жолданып, кейін іс азаматтық-құқықтық тәртіпте қаралатын.

Кейінгі уақытта осы бап бойынша журналистерге қатысты қылмыстық істер қозғалған. Атап айтқанда, журналист Ботагөз Омарова, Orda.kz бас редакторы Гүлнәр Бажкенова, ҚазТАГ ХАА бас директоры Әсет Матаев және агенттік бас редакторы Әмір Қасенов жауапкершілікке тартылған.

Бұл істерге байланысты журналистер бұған дейін Касым-Жомарт Токаевке үндеу жолдаған. Сондай-ақ Қазақстан Журналистер одағы мәлімдеме жасап, сәуір айының ортасында халықаралық журналистік ұйымдар да мемлекет басшысына жүгінген.

Сайт Әкімшілігі