Қоғам

Қазақстанда студенттердің барлығы жасанды интеллект пәнін оқиды

Қазақстанның жоғары оқу орындарында жасанды интеллектіні оқыту ауқымы кеңейіп, енді барлық білім беру бағдарламаларына енгізіліп жатыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Фото: ЖИ

Вице-министрдің айтуынша, 2025 жылдан бастап жасанды интеллект дағдылары барлық оқу бағдарламаларына міндетті түрде енгізілген. Оның мәліметінше, қазір 95 жоғары оқу орны оқу жоспарларына жасанды интеллект пәндерін қосқан. Бұл жалпы 4 мыңнан астам білім беру бағдарламасын қамтиды. Сонымен қатар 30 университетте ЖИ бағыты бойынша 42 арнайы білім беру бағдарламасы іске асырылып жатыр.

Министрлік дерегіне сәйкес, профессор-оқытушылар құрамының 54%-ы жасанды интеллект саласында біліктілігін арттырған.

Сондай-ақ жоғары оқу орындарында жасанды интеллектіні қолдану стандарты бекітіліп, диссертация жазу барысында оны пайдалануды реттейтін ережелер енгізілген. Бұдан бөлек, барлық университеттер үшін ЖИ қолданудың негізгі көрсеткіштері белгіленген.

Жалпы бұл бастама Қазақстанның жоғары білім жүйесінде жасанды интеллект интеграциясын күшейтіп, цифрлық дағдыларды дамытуға бағытталған.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, бұл өзгерістер еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа буын мамандарын даярлауға мүмкіндік береді.

Сайт Әкімшілігі