Қазақстанда үш айда терроризм және экстремизм бойынша 19 адам сотталды
2026 жылдың маусым-тамыз айлары аралығында Қазақстанда терроризм және экстремизмге қатысты қылмыстар бойынша 19 адам сотталды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
ҰҚК мәліметінше, сотталғандарға түрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Солардың бірі – Алматы қаласының тумасы. Ол 2017 жылдан бері халықаралық террористік ұйымдардың қызметіне қатысты деген күдікпен іздеуде болған. Ер адам Түркиядан анықталып, 2025 жылы Қазақстанға депортацияланған. Кейін қылмыстық іс аясында қамауға алынып, сот оны сегіз жылға бас бостандығынан айырды.
Тағы бір сотталған Шымкент тұрғыны әлеуметтік желілерде терроризм идеологиясын насихаттап, таныстарын зорлық-зомбылық әрекеттеріне баруға үгіттеген. Сот оған тоғыз жыл түрме жазасын берді.Сонымен қатар есепті кезеңде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан облыстарында жедел-іздестіру шаралары барысында 28 адам ұсталды.
Олар терроризмді насихаттады, діни алауыздық қоздырды, интернетте және өз ортасында тыйым салынған материалдарды таратты, сондай-ақ экстремистік ұйымның қызметіне қатысты деген күдікке ілінген.
Қазір аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің тиісті баптарымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
ҰҚК басқа мәліметтер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес жариялауға жатпайтынын атап өтті.