Қазақстанда жаңа мемлекеттік наградалар енгізіледі
Сенат «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға енгізілетін өзгерістерді қабылдады. Құжатқа сәйкес, елімізде үш жаңа орден тағайындалады.
Жаңа наградалар Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы аясында енгізіліп отыр. Атап айтқанда, «AL-FARABI», «QOJA AHMET YASAUI» және «Мейірім» ордендері бекітіледі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманың ұлы ойшылдар мен ағартушылардың мұрасын кеңінен насихаттауға және олардың идеяларын қазіргі заманмен ұштастыруға мүмкіндік беретінін атап өткен.
«AL-FARABI» ордені білім, ғылым, мәдениет және рухани даму салаларындағы айрықша жетістіктері үшін табысталады.
«QOJA AHMET YASAUI» ордені қазақстандық және шетелдік ғалымдарға, қоғам және мемлекет қайраткерлеріне мемлекеттілікті дамытуға, гуманитарлық және ағартушылық салаларға қосқан үлесі үшін беріледі.
«Мейірім» ордені қайырымдылық, меценаттық және филантропия саласында елеулі еңбек сіңірген азаматтарға табысталмақ. Жаңа мемлекеттік наградалар қоғамның түрлі салаларында ерекше үлес қосқан тұлғаларды ынталандыруға және олардың еңбегін жоғары деңгейде бағалауға бағытталған.