Әлеумет

Қазақстанда журналист жеке деректерді жариялағаны үшін сотталды

Алматы қаласының Алмалы аудандық соты журналист Александра Алёховаға қатысты үкім шығарды. Ол жеке деректерді заңсыз таратты деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Фото: ашық дереккөз

Алайда сот жазаны өтеуді бес жылға кейінге қалдырды.

Алёховаға сондай-ақ үш жыл бойы журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Журналиске тағылған айып 2022 жылы «Кенжехан» базары туралы жарияланған материалдарға байланысты. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол жарияланымдарда Елена Садвакасованың бұрынғы соттылығы мен полиция есебінде тұрғаны туралы жеке мәліметтер заңсыз жарияланған.

Сөз бостандығын қорғаумен айналысатын «Әділ сөз» халықаралық қорының мәліметінше, Алёхова бұл ақпаратты бұған дейін Telegram-арналардың бірінде жарияланған деректерге сүйеніп пайдаланған. Алайда аталған ақпаратты алғаш таратқан тұлға мен оның таралуына жол берген полиция қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.

Осы іс бойынша бұған дейін журналист Олег Гусев те сотталған болатын. 2025 жылы оған үш жыл шартты жаза тағайындалып, сол мерзімге журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынған еді.

Құқықтық медиа орталығы бұл істі Қазақстандағы журналистика саласы үшін маңызды прецедент деп бағалады. Өйткені елде бұған дейін журналистер ашық дереккөздерден, соның ішінде Жоғарғы соттың сайтында жарияланған жеке мәліметтерді пайдаланғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.

Сайт Әкімшілігі