Қазақстандағы волонтерлік қозғалыс: жүйелі қолдаудан халықаралық ынтымақтастыққа дейін
Қазақстандағы волонтерлік қозғалыс бүгінде азаматтардың қоғамдық өмірге араласуының маңызды тетіктерінің біріне айналып отыр.
Соңғы жылдары бұл салада мемлекеттік қолдау жүйесі қалыптасып, волонтерлердің бастамаларын іске асыруға және олардың әлеуетін арттыруға бағытталған жаңа мүмкіндіктер пайда болды.
Волонтерлікті дамытудағы Қазақстан тәжірибесі халықаралық деңгейде де назар аударып отыр. Астанада ұйымдастырылған ТМД волонтерлерінің алғашқы форумы осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайтып, түрлі елдердің өкілдеріне тәжірибе алмасып, ортақ бастамаларды талқылауға мүмкіндік берді. Айта кетейік, форум аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Волонтерлер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Курбановты қабылдап, волонтерлік қозғалысты дамыту мәселелерін талқылады.
Әзербайжан Волонтерлік ұйымдар одағының төрағасы Вугар Алиевтің пікірінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың волонтерлік қозғалысты қолдауға бағытталған жүйелі саясаты Қазақстанда бұл саланың орнығуына және оның халықаралық деңгейде танылуына айтарлықтай ықпал еткен.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы Волонтерлер жылынан бері волонтерлік қозғалысты тұрақты түрде қолдап келеді. Бүгінде бұл бастама халықаралық деңгейде де жалғасын тауып отыр. Мемлекет басшысының волонтерлікті дамытуға қатысты қандай шешімдерін ең маңызды деп санайсыз?
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың волонтерлікті дамытуға қосқан ең маңызды үлесі – 2020 жылды «Волонтерлер жылы» деп жариялап, осы салада жүйелі мемлекеттік саясат қалыптастыру туралы шешімі деп есептеймін. Бұл шешім волонтерлікті мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың ажырамас бөлігіне айналдырып, кейінгі жылдары еріктілер қызметін қолдауға бағытталған түрлі бағдарламалар мен тетіктерді қалыптастыруға негіз қалады.
Тоқаевтың тағы бір маңызды қадамы – Қазақстанның волонтерлік саладағы тәжірибесін халықаралық деңгейге шығару болды. Оның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының 2026 жылды Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялау туралы шешімінің қабылдануы Қазақстанның осы бағыттағы халықаралық беделін одан әрі нығайтты.
Бұл тұрғыда Тоқаевтың жүргізген саясатының нәтижесі ел ішіндегі волонтерлер санының артуымен ғана шектелмейді. Қазақстан өзін волонтерлікті дамытуға бағытталған халықаралық бастамаларға ұйытқы болып отырған мемлекет ретінде де таныта алды. Бұған халықаралық іс-шаралар, БҰҰ-мен ынтымақтастық және волонтерлік қызметті дамытуға арналған өңірлік алаңдардың құрылуы айқын дәлел бола алады.
- Бүгінде еліміздегі волонтерлер саны 300 мыңға жуықтады, ал Халықаралық жыл аясында мыңнан астам іс-шара өткізіліп жатыр. Бұл көрсеткіштер Қазақстанның волонтерлік қозғалысты қолдауға бағытталған мемлекеттік саясатының тиімділігін қаншалықты көрсетеді?
- Елде мыңдаған волонтердің болуы және көптеген іс-шараның өткізілуі мемлекеттік саясаттың тиімділігін көрсетеді. Ең басты нәтиже – волонтерлер санының сандық тұрғыдан өсуі ғана емес, волонтерліктің азаматтық жауапкершілік пен қоғамдық ынтымақтастық мәдениетінің бір бөлігіне айналуы. Бұл Қазақстандағы волонтерлік қозғалыстың тұрақты әрі орнықты дамып келе жатқанын көрсетеді.
- Президенттің бастамасымен волонтерлік қызметті ынталандыру алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілді. Бұл шешім волонтерлікті одан әрі дамытуға және оның қоғамдағы рөлін арттыруға қандай мән береді?
- Волонтерлік қызметті қолдауды конституциялық деңгейде бекіту – аса маңызды әрі стратегиялық қадам. Бұл шешім волонтерліктің жай ғана қоғамдық бастама емес, қоғамның дамуына, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және адамдарды ортақ іске жұмылдыруға ықпал ететін маңызды құндылық ретінде танылғанын көрсетеді. Мұндай құқықтық негіз волонтерлер мен волонтерлік ұйымдардың қызметін болашақта жүйелі түрде қолдауға және олардың қоғамдық бастамаларын дамытуға кең мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл қадам жастарды қоғамдық өмірге белсенді тартуға, азаматтық белсенділікті арттыруға және қоғамдағы өзара көмек пен ынтымақтастық мәдениетін одан әрі нығайтуға жол ашады.
- ТМД волонтерлер форумы Қазақстанның бастамасымен өтіп, халықаралық ынтымақтастықтың жаңа алаңын қалыптастырып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы саладағы жүйелі саясаты Қазақстанның өңірдегі волонтерлік бастамаларды дамыту орталықтарының біріне айналуына ықпал ете ала ма?
- Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың волонтерлікті дамытуға бағытталған жүйелі саясаты Қазақстанның өңірдегі волонтерлік бастамалардың негізгі орталықтарының біріне айналуына мүмкіндік береді деп есептеймін. ТМД волонтерлер форумы тәжірибе алмасу, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және елдер арасындағы жаңа әріптестік байланыстарды жолға қою үшін маңызды алаң болып отыр. Қазақстанның осындай бастамаларға көшбасшылық танытуы оның халықаралық беделін нығайтып қана қоймай, волонтерлік саласындағы өңірлік көшбасшы ретіндегі позициясын да бекемдей алады.