Әлеумет

Қазақстандық алаяқтар Қырғызстан азаматтарын 106 млн теңгеге алдап кеткен

Қырғызстанда 30-дан астам есту қабілеті нашар азамат алаяқтықтың құрбаны болған. Келтірілген шығын көлемі 20 млн сомнан (шамамен 106 млн теңге) асады.

Фото: ашық дереккөз

Бұл туралы Қырғызстан парламентінің депутаты Дастан Бекешев мәлімдеді. Оның айтуынша, алаяқтық схема 2023 жылдан 2025 жылға дейін жұмыс істеген.

Күдіктілер өздерін арзан бағамен пәтер сататын адамдар ретінде таныстырып, жәбірленушілерді сендірген. Ақша аударылғаннан кейін қаражат елден тыс жерге шығарылып отырған.

«Олар өте сенгіш, құқықтық сауаттылығы төмен. Соның салдарынан 20 млн сомнан астам қаржы Қазақстанға аударылған», - деді депутат.

Зардап шеккендердің кейбірі бір-біріне қарсы арыз жазғанымен, депутаттың сөзінше, барлық істің артында бір ғана ұйымдасқан схема тұр. Қазіргі уақытта Қырғызстан аумағында делдалдар ғана ұсталған. Олардың да есту қабілетінде ақау бар. Ал негізгі ұйымдастырушылар әлі анықталмаған.

Қырғызстан Ішкі істер министрлігі бұл іс бойынша Қазақстанның құқық қорғау органдарымен бірлескен тергеу жүргізуді жоспарлап отыр.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: алаяқтық