Әлеумет

Қазақстандық әйел Qatar Airways әуе компаниясына шағымданды: Анасы ұшақта инсульт алып, 16 сағат медициналық көмексіз қалған

Қазақстандық әйел Qatar Airways әуе компаниясына шағымданды. Анасы ұшақта инсульт алып, 16 сағат медициналық көмексіз қалған

Фото: pixabay.com

Қазақстандық әйел Qatar Airways әуе компаниясының әрекетіне шағымданып, анасының Доха – Майами рейсі кезінде инсульт алғаннан кейін қажетті медициналық көмекті дер кезінде ала алмағанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, Алматыдан Майамиге Доха арқылы ұшып бара жатқан анасының ұшақта инсульті ұстап, экипаж жолаушыны Атлант мұхитындағы Санта-Мария аралына түсірген. Алайда бұл аралда толыққанды аурухана болмаған.

«Жедел жәрдем келгенімен, олар анама тіпті кардиограмма да түсіре алмады, ешқандай дәрі-дәрмек берілмеді. Кейін оны әскери ұшақпен басқа аралға жеткізді. Осы уақыттың бәрінде, шамамен 16 сағат бойы, оған медициналық көмек көрсетілген жоқ», – деді ол Instagram парақшасында.

Қызының айтуынша, әйел ауруханаға инсульт алғаннан кейін тек 16 сағат өткен соң жеткізілген. Қазір ол есін біледі, алайда сол жақ қолы мен денесінің сол жағы сал болып қалған. МРТ тек келесі күні жасалған.

Қазақстандық әйел инсульт кезінде алғашқы сағаттардың шешуші маңызға ие екенін айтып, әуе компаниясы жолаушыны медициналық көмек көрсетуге мүмкіндігі бар әуежайға жеткізуі керек еді деп есептейді.

Сондай-ақ оның сөзінше, әуе компаниясы жүктің қайда екенін де анықтай алмаған. Бұған қоса, Қазақстан азаматтығына байланысты ата-анасының шекаралық рәсімдерден өтуінде қиындықтар туындағанын айтты.

Қазіргі уақытта Қазақстанның Көлік министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметтер жағдайға қатысты түсініктеме берген жоқ.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: ұшақ