Қазақстандық белгілі фотожурналист Юрий Беккер өмірден өтті
Қазақстандық журналист, белгілі фототілші Юрий Беккер 68 жасқа қараған шағында қайтыс болды.
Бұл туралы Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Юрий Беккер көп жылын журналистикаға және Қазақстанның фотошежіресін жасауға арнады. Оның объективі елдің қоғамдық, саяси және мәдени өміріндегі маңызды оқиғаларды, белгілі мемлекет қайраткерлерін, еңбек адамдарын және қарапайым азаматтарды таспалады. Оның фотосуреттері өз дәуірінің адамдары мен оқиғаларын келешек ұрпаққа сақтап, Қазақстанның қазіргі тарихының бір бөлігіне айналды», – делінген министрлік хабарламасында.
Юрий Беккердің кәсіби еңбек жолының елеулі бөлігі «Казахстанская правда» газетімен байланысты болды. Ол өмірінің соңғы күндеріне дейін редакцияда жұмыс істеп, өзі таңдаған мамандығына адал қызмет етті.
Әріптестері мен кәсіби қауымдастық өкілдері Беккерді талантты фотожурналист, жауапкершілігі жоғары, принципшіл әрі кәсіби маман ретінде еске алады.
Юрий Беккердің журналистік жолындағы ерекше тарихи сәттердің бірі – 1986 жылғы 16 желтоқсандағы Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың үстінен өткен сот процесі. Ол сол сот отырысына жіберілген жалғыз фотограф болды. Ол кезде Беккер КазТАГ ақпарат агенттігінің фототілшісі қызметін атқарған.