Қазақстандық бітімгерлер Сирия тұрғындарына медициналық көмек көрсетті
Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлінген аймақты бақылау жөніндегі күштері (UNDOF) құрамында қызмет атқарып жүрген қазақстандық әскери қызметшілер БҰҰ миссиясының далалық госпиталінің медицина қызметкерлерімен және Сирия Араб Республикасының денсаулық сақтау саласының мамандарымен бірлесіп гуманитарлық медициналық акция өткізді.
Акция аясында дәрігерлер Эль-Кунейтра провинциясындағы Хан-Арнаба қаласының тұрғындарын амбулаториялық қабылдаудан өткізді. Медициналық тексеру нәтижесінде тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, одан әрі ем қабылдау бойынша ұсынымдар берілді. Әсіресе балаларға, егде жастағы адамдарға және тұрақты медициналық бақылау мен сүйемелдеуді қажет ететін азаматтарға ерекше көңіл бөлінді.
Қазақстандық бітімгерлердің, БҰҰ миссиясының далалық госпиталі медицина қызметкерлерінің және сириялық мамандардың бірлескен жұмысының нәтижесінде тұрғындар уақытылы әрі білікті медициналық көмек алды. Хан-Арнаба қаласының тұрғындары қазақстандық бітімгерлер мен медицина қызметкерлеріне кәсібилігі, қамқорлығы және жанашырлығы үшін алғыс білдірді.
Мұндай гуманитарлық іс-шаралар бітімгерлер мен жергілікті халық арасындағы өзара байланысты нығайтып, БҰҰ миссиясының қызметіне деген сенімді арттыруға ықпал етеді.