Қазақстандықтар жылуға 1,2 млрд теңге артық төлеген
Қазақстанда жылу энергиясын есепке алу аспаптары жоқ тұтынушылардың жылу ақысына қайта есептеу жүргізілді. 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысы бойынша қайта есептелген жалпы сома 1,2 млрд теңгеден асты.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің мәліметінше, табиғи монополия субъектілері тұтынушылардың жылу үшін төлемін ҚҚС-ты қоса алғанда 1 млрд 217,02 млн теңгеге қайта есептеген.
Қайта есептеу жылыту маусымындағы сыртқы ауаның нақты температурасы ескеріліп жүргізілген. Тиісті сома тұтынушының дербес шотында аванс немесе сальдо ретінде жеке жолмен көрсетіледі.Қайта есептелген қаражаттың ең көп мөлшері Астана қаласына тиесілі – 460,67 млн теңге. Шығыс Қазақстан облысында 298,56 млн теңге, Маңғыстау облысында 161,60 млн теңге көлемінде қайта есептеу жүргізілген.
Алматы қаласында бұл көрсеткіш 57,77 млн теңге, Қызылорда облысында 42,21 млн теңге, Шымкентте 38,50 млн теңге болды.Ең төменгі сома Абай облысында – 270 мың теңге, Түркістан облысында – 370 мың теңге және Батыс Қазақстан облысында – 1,82 млн теңге тіркелді.
Ал Қарағанды, Ұлытау және Жетісу облыстарында жеке қайта есептеу жүргізілмеген. Себебі бұл өңірлерде жылумен жабдықтау қызметінің құны бастапқыдан сыртқы ауаның нақты температурасы ескеріліп есептелген.
Айта кетейік, Астанада 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымы кезінде жылу ақысы сыртқы температураға байланысты ай сайын түзетіліп отырған.
Салыстыру үшін, 2024–2025 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысында жылу есептегіші жоқ тұтынушыларға 1,55 млрд теңге көлемінде қайта есептеу жүргізілген.