Қазақстандықтардың 22,8 миллиард теңге айыппұлдары кешірілді
Қазақстанда әкімшілік амнистия аясында 681 мыңнан астам азамат әкімшілік жазадан босатылды. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, бір айға жетпейтін уақыт ішінде амнистия 1,3 миллион әкімшілік іске қолданылған. Соның нәтижесінде есептен шығарылған айыппұлдардың жалпы сомасы 22,8 миллиард теңгеге жетті.
Әкімшілік амнистия Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 380-нен астам бабын қамтыды.
Бас прокуратура азаматтарға амнистияны қолдану үшін арнайы өтініш берудің қажет болмағанын атап өтті. Қабылданған шешім туралы ақпарат құқық бұзушыларға SMS-хабарлама арқылы жолданған.