Қоғам

Қазақстандықтардың жүргізуші куәлігі енді БАӘ-де жарамды

25 шілдеден бастап Қазақстан мен БАӘ арасында жүргізуші куәліктерін өзара тану туралы келісім күшіне енеді 2026 жылғы 25 шілдеден бастап Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау туралы келісім күшіне енеді.

Фото: ашық дереккөз

Құжатқа Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары барысында қол қойылды. Жаңа келісім екі ел азаматтары үшін қосымша мүмкіндіктер ашып, ұлттық жүргізуші куәліктерін пайдалану және айырбастау рәсімін едәуір жеңілдетеді. Енді Біріккен Араб Әмірліктерінде уақытша болатын Қазақстан азаматтары Әмірліктердің заңнамасына сәйкес қазақстандық жүргізуші куәлігін пайдалана алады. Ал тұрақты тұруға көшкен жағдайда «B» санаты (жеңіл автомобильдер) және «B1» кіші санаты (үш дөңгелекті көлік құралдары мен квадроциклдер) бойынша теориялық және практикалық емтихандарды тапсырмай-ақ жүргізуші куәлігін айырбастай алады.

Дәл осындай тәртіп Қазақстанға тұрақты тұруға көшкен Біріккен Араб Әмірліктері азаматтарына да қолданылады. Жүргізуші куәлігін айырбастау үшін жарамды ұлттық жүргізуші куәлігі, қолданыстағы тұруға ықтиярхат, құжаттың ресми аудармасы (БАӘ-де – араб тіліне, Қазақстанда – қазақ немесе орыс тіліне), сондай-ақ міндетті медициналық тексеруден өткені туралы құжат қажет. Бұл ретте ұлттық жүргізуші куәлігі тәркіленбейді. Айырбастау рәсімі аяқталғаннан кейін екі мемлекеттің құзыретті органдары бір-бірін жүргізілген рәсім туралы ғана хабардар етеді.

Жеңілдетілген тәртіп тек «B» санаты мен «B1» кіші санатына ғана қолданылады. Өзге санаттар бойынша жүргізуші куәліктерін айырбастау қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Аталған келісімнің күшіне енуі Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы кезекті маңызды қадам және екі ел азаматтары үшін әкімшілік рәсімдерді анағұрлым жеңіл әрі қолжетімді етеді.

 

Сайт Әкімшілігі