Қазақстаннан саяси баспана сұраған ресейлік белсенділердің апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады
Қазақстан соты ресейлік белсенділер Мансур Мовлаев пен Юлия Емельянованың Қазақстаннан баспана беру туралы талаптарына қатысты апелляциялық шағымдарын қанағаттандырмады. Бұл туралы заңгер Мұрат Адам әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Оның айтуынша, апелляциялық сот бұған дейін қабылданған белсенділерге Қазақстаннан баспана беруден бас тарту туралы шешімді өзгеріссіз қалдырған.
Заңгер соттар Қазақстан ратификациялаған халықаралық құқық нормаларын, сондай-ақ БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі арнайы баяндамашыларының Қазақстанға жолдаған үндеулерін ескермегенін мәлімдеді. Сонымен қатар адвокаттар Рэн Керимов пен Елена Жигаленок Қазақстанның Жоғарғы сотына кассациялық шағым түсіретінін хабарлаған.
Мансур Мовлаев Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровты сынап жүрген белсенді. Ол 2019–2020 жылдары «Адат» қозғалысына адам ұрлау, азаптау және күштеп жоғалту фактілері туралы ақпарат бергені үшін қудаланғанын мәлімдеген. Ал Юлия Емельянова бұрын Алексей Навальный штабының еріктісі болған. Ол Ресейден кеткеннен кейін саяси тұтқындар мен эмигранттарға көмектесетін жобаларға қатысқан.
Екі белсендінің де Ресейге экстрадициялануы мүмкін екені айтылуда.