Саясат

Қазақстанның 2030 жылға дейінгі сыртқы саясат тұжырымдамасынан Назарбаев туралы ескертпелер алынып тасталды

14 тамызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының 2020-2030 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасына өзгерістер енгізу туралы жарлыққа қол қойды.

Фото: ашық дереккөз

Құжатта еліміздің сыртқы саясатының қағидаттарына, мақсаттары мен оны жүзеге асыру тетіктеріне қатысты бірқатар тұжырым жаңартылған. Соның ішінде ең елеулі өзгерістердің бірі – тұжырымдама мәтінінен Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы тікелей ескертпенің алынып тасталуы.

Бұған дейін сыртқы саясаттың негізгі қағидаттарының бірі ретінде «ел дамуының жаңа кезеңінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сыртқы саяси бағытының сабақтастығын сақтау» деп көрсетілген еді.

Жаңа редакцияда бұл тармақ «ел дамуының жаңа кезеңінде сыртқы саяси бағыттың сабақтастығын сақтау» деп өзгертілді. Яғни енді құжатта Назарбаевтың аты аталмайды және нақты тұлғаның саяси бағытын жалғастыруға емес, мемлекеттің жалпы сыртқы саясатының сабақтастығына басымдық берілген.

Сонымен қатар тұжырымдамадан Назарбаевтың сыртқы саясат мәселелері бойынша бастама көтеру құқығына қатысты абзац та алынып тасталды.

Бұрынғы нұсқада «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңға сәйкес, тұңғыш президентке оның тарихи миссиясына байланысты Қазақстан халқына, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға сыртқы саясаттың аса маңызды мәселелері бойынша бастамалармен өмір бойы жүгіну құқығы тиесілі екені жазылған болатын.

Тағы бір өзгеріс Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларын халықаралық деңгейде таныстыру алаңдарына қатысты. Бұған дейін өңірлік және жаһандық саясат пен экономика мәселелері бойынша Қазақстанның ұстанымдары мен бастамаларын әлемдік қоғамдастыққа жеткізу үшін Астана экономикалық форумы, Еуразиялық медиа форум және Astana Club алаңдарын пайдалану көзделген еді. Жаңа редакцияда олардың орнына тек Астана халықаралық форумы қалдырылған.

Құжаттағы тағы бір өзгеріс елдің саяси жүйесіне қатысты. Тұжырымдамаға Құрылтайдың Қазақстандағы заң шығарушы билікті жүзеге асыратын жоғары өкілді орган екені туралы тұжырым енгізілген.

Жарлық қол қойылған күннен бастап күшіне енді.

Сайт Әкімшілігі