Әлеумет

Қазақстанның батысында автогаз тапшылығын Энергетика министрлігі жоққа шығарды

Ақтауда автогаз құю бекеттеріндегі ұзын-сонар кезек әлі де сақталып отыр.

Фото: Лианы Рязанцевой. Lada.kz

Lada.kz мәліметінше, жүргізушілер аптап ыстықта бірнеше сағаттап кезекте тұруға мәжбүр екенін айтуда.

Олардың сөзінше, кейбір автогаз құю бекеттерінде «Газ жоқ» деген жазу ілінген. Ал газ бар бекеттерде ондаған көліктен тұратын ұзын кезек пайда болған.

Жүргізушілердің айтуынша, ресми түрде тапшылық жоқ делінгенімен, іс жүзінде көлікке газ құю үшін бірнеше сағат күтуге тура келеді.

Осы жағдайға байланысты, KazTAG агенттігінің хабарлауынша, Қазақстанның Энергетика министрлігі Маңғыстау және Атырау облыстарына сұйытылған мұнай газын жеткізу тұрақты жүргізіліп жатқанын және оның көлемі өңірлердің айлық есептік қажеттілігінен де жоғары екенін мәлімдеді.

Министрлік дерегіне сәйкес, маусым айында Маңғыстау облысының 18 мың тонна қажеттілігіне қарсы 19,5 мың тонна газ жөнелтілген. Бұдан бөлек, сұраныстың артуына байланысты СНПС-Ақтөбемұнайгаз компаниясының қорынан қосымша 1,5 мың тонна газ бөлінген.

Ал Атырау облысына есептік қажеттілік 9 мың тонна болғанымен, 11,6 мың тоннадан астам сұйытылған газ жеткізілген. Қосымша көлем Атырау мұнай өңдеу зауыты жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты бөлінген.

Сондай-ақ министрлік Қарашығанақ кен орнындағы өндіріс көлемінің төмендеуіне байланысты автогаз нарығында іркіліс болды деген ақпаратты да жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, кен орнындағы жоспарлы жұмыстар ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге әсер етпейді.

Энергетика министрлігі автогаз жеткізу жағдайы министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында екенін мәлімдеді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: автогаз газ