Әлеумет

Қазақстанның оңтүстігіндегі жаппай жарықтың өшуіне Қырғызстан кінәлі ме?

Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде электр қуатының жаппай өшуіне Қырғызстандағы ақау себеп болуы мүмкін. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

Фото: ашық дереккөз

Министрдің айтуынша, оқиға Қырғызстандағы Тоқтоғұл ГЭС-інің №1 және №2 гидрогенераторларының ажыратылуынан басталған. Оның салдарынан Орталық Азия елдерінің бірыңғай энергетикалық жүйесіндегі жұмыс режимі өзгерген.

Ақкенженовтің сөзінше, KEGOC Қазақстанның бүкіл энергетикалық жүйесін шамамен 2,5 сағатта қалпына келтірген.

«Орталық Азияның бірыңғай энергетикалық аймағындағы ауытқу Тоқтоғұл ГЭС-індегі осы екі энергоблоктың ажыратылуынан басталды», - деді министр.

Сонымен қатар Алматыдағы электр қуатының нақты қандай себеппен сөнгені және Қазақстандағы электр желілерінің жұмысы қалай өрбігені арнайы комиссияның қорытындысынан кейін белгілі болады.

Оқиғаға байланысты мемлекеттік комиссия құрылып, қазір барлық мән-жай нақтыланып жатыр. Комиссия қорытындысын жақын арада жариялау жоспарланған.

Сайт Әкімшілігі